Арнаулы мемлекеттік қордан 2,4 миллиард теңге бөлінді

0 172

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Қазақстанда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысының Меркі және Талас аудандарындағы ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды реконструкциялау көзделген. Осы мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан 2,4 миллиард теңге бөлінді.

Қайтарылған активтердің бір бөлігі Талас аудандық көпсалалы орталық аурухананы реконструкциялауға бағытталмақ. Қарастырылған қаражат көлемі – 2,3 миллиард теңге. Ал Меркі аудандық көпсалалы орталық аурухананың қабылдау бөлімшесін жөндеуге 144,9 миллион теңге жұмсалмақ. Құрылыс жұмыстары соңғы сатысында жүріп жатыр. Нысанды пайдалануға беру жыл соңына жоспарланған.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан Жамбыл облысында төрт денсаулық сақтау нысанын іске қосуға 2,8 миллиард теңге бағытталған. Бұған дейін Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілген болатын. Олардың әрқайсысы тәулігіне 45 келушіге дейін қабылдай алады.