Архив қызметкерлерінің жалақысы өседі

0 1

Қазақстанда архив саласы мамандарының жалақысы 1,5 есе артпақ. Сондай-ақ ауылдық жерде жұмыс істейтін архив қызметкерлеріне 25 пайыз көлемінде қосымша төлем заңмен бекітіледі.

Бұл туралы Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында айтылды.

Депутаттар талқылаған заң жобасы Ұлттық архив қорын сақтау, оны цифрландыру және жас ұрпақты дәстүрлі емес құндылықтарды насихаттайтын ықпалдан қорғауға бағытталған, деп жазады qazaqstan.tv.

Құжатта мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебесін беру, саланы жаңғырту және құжаттарды сақтау қауіпсіздігін арттыру шаралары көзделген. Сонымен қатар тәжірибелік-конструкторлық, жобалау-сметалық және қала құрылысына қатысты материалдарды Ұлттық мұрағат қорының құрамына енгізу ұсынылып отыр.

Сенат депутаты Руслан Рүстемовтың айтуынша, өзгерістер жалақыны 1,75 коэффициент бойынша арттыруға және архивтердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін қорғау нормалары күшейтіліп, үшінші тұлғаларға құпия мәлімет беруге шектеу қойылады.

Балаларды зиянды ақпараттан қорғау – негізгі түзетулердің бірі

Заң жобасы балаларды зиянды контенттен қорғауға да басымдық береді. Педофилияны немесе дәстүрлі емес бағдарды насихаттайтын материалдардың қоғамда, медиада және интернетте таралуына тосқауыл қою шаралары күшейтілмек.

Құжат Сенаттың бейсенбі күнгі жалпы отырысында қаралады.