Ардагерлер ұлт рухын дәріптеді

0 158

Әулиеата өңірінің ардагерлері елдік пен бірліктің, даналық пен парасаттың үлгісін көрсетіп келеді. Олар тек өткеннің куәгері емес, бүгінгі ұрпаққа өнеге болып отырған өмір мектебі. Осы бағытта облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен «Шешендік өнер – асыл қазына» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «» ақпараттық агенттігі.

Қазақ халқының шешендік дәстүрін насихаттау, аға буынның тәлімді ойларын жастарға жеткізу және ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуды мақсат еткен жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, ұйымның қоғамдағы рөлі мен міндеттеріне тоқталды.

– Ардагерлер ұйымының басты мақсаты – елдің бірлігі мен татулығына үлес қосу. Біз қай ортада да ізгілік пен достықты дәріптеуіміз қажет. Ардагерлер – қоғамның рухани тірегі, жас ұрпаққа бағыт берер шамшырақтар, – деді ол өз сөзінде.

Жиында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов қазақ халқының шешендік өнері мен билік дәстүрінің тарихи маңызы туралы мазмұнды баяндама жасады.

– Қазақ жұрты ежелден сөздің қадірін білген халық. Майқы би, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды данышпан билер әділдік пен ақиқаттың туын көтеріп, ел татулығын сақтауда үлкен рөл атқарды. Бүгінгі билер кеңестері сол дәстүрдің заманауи жалғасы іспетті. Облыс бойынша 518 би қызмет етуде. Биылғы жылы олардың араласуымен 195 даулы іс қаралып, соның 177-сі сотқа жетпей оң шешімін тапты. Бұл ауыл арасындағы татулықтың, халық сенімінің айғағы, – деді ол.

Басқосуда Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің директоры Жаңабай Миллионов, «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков, сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Жасұлан Әбдіманап өз пікірлерін білдіріп, шешендік өнердің тәрбиелік және рухани маңызы жөнінде ой өрбітті.

Жасұлан Әбдіманап өз сөзінде жастар тәрбиесіне де тоқталып, мектеп басшылығында ер азаматтардың үлесін арттырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жиында Қордай ауданының Құрметті азаматы Құрманбек Әлімжан, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушылары Сәулет Шормақова мен Бақытжан Махашев та өз ойларын ортаға салды.

Іс-шара соңында Еркінбек Солтыбаев жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, аға буынның қоғамдағы беделін ерекше атап өтті.

– Бүгінгі кездесуде талай тағылымды сөз айтылды. Ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибесі мен парасаты – жас ұрпақ үшін үлкен мектеп. Әр қария өз әулетінің шамшырағы, қоғамның алтын діңгегі болуы тиіс, – деді ол.

Жиын қорытындысында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірнеше азаматқа «Жамбыл облысының құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды.

Осындай тағылымды басқосулар арқылы аға буын өкілдері елдік дәстүрді жаңғыртып, жастарға өнеге көрсетіп келеді. Олардың парасатты пікірі мен шешендік сөзі – ұлт рухының биіктігін айқындайтын асыл мұра.