Әрбір ой – болашақ жауынгерге арналған өсиет

0 161

Жастардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – бүгінгі білім беру жүйесінің, соның ішінде алғашқы әскери дайындық пәнінің маңызды міндеті. Жерін сүйетін, елін қорғай алатын ұрпақ қана мемлекеттің тірегі бола алады. Сол себепті жастарға Отан деген ұғымды құр ұран емес, жүрекпен сезінетін рухани бағдар ретінде ұғындыру – ұлттық қауіпсіздіктің, тәуелсіздіктің және бірліктің кепілі болмақ, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Міне, осындай маңызды миссияны жүзеге асыруда қазақ халқының әскери рухын ұлықтаған ұлы тұлғалардың орны ерекше. Соның ішінде Бауыржан Момышұлының ерлікке толы өмір жолы мен әскери-психологиялық ой-тұжырымдары – бүгінгі жас ұрпаққа бағытталған өсиет іспетті. Қордай ауданындағы №23 Т. Рысқұлов атындағы орта мектебінің АӘД пәні мұғалімі Мағжан Бірғожаев оны өз пәнінде қолданып, батырдың әскери мұрасын алғашқы алғашқы әскери дайындық пәнімен байланыстыра отырып зерделеу – бүгінгі күннің сұранысына сай келетін тағылымды қадам деп есептейді.

– Баукеңнің қаламынан туған «Соғыс психологиясы», «Москва үшін шайқас» сияқты еңбектері – әскери әдебиеттің ғана емес, ұлттың рухани мұрасының жауһарлары. Ол тек соғыс әрекеттерін сипаттап қоймай, жауынгердің ішкі әлеміне үңілді, тәртіп, намыс, ерік-жігер секілді адами қасиеттердің қаншалық маңызды екенін көрсетті. Оның шығармаларындағы әрбір ой – болашақ жауынгерге арналған өсиет, ал бүгінгі жас ұрпаққа – рухани бағдар. Бауыржан Момышұлы соғыс кезінде жауынгерлердің ішкі күйзелісін, қорқынышын, сенімсіздігін еңсеруге бағытталған нақты практикалық әдістер ұсынған. Ендеше талдап көрелік: «Қорқақ – қауіп төнгенде қашатын адам емес, қорқынышын жеңе алмаған адам». Бұл – әскери психологияның өзегі. Ол тәртіптің, тәрбие мен сенімнің жауынгер бойындағы үрейді қалай жеңетінін нақты мысалдармен дәлелдеді. Оның ең танымал қағидасы – «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» – тек әскерде ғана емес, кез келген ұжым мен қоғамда әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Бауыржан Момышұлы — әскери психологияны ғылыми теория ғана емес, нақты майдандық тәжірибе арқылы дамытқан тұлға. Оның еңбектері – жауынгер психологиясының терең талдауы. Ол жауынгердің сыртқы қарудан бұрын ішкі рухы мен ерік-жігерінің шешуші рөл атқаратынын баса айтқан, – дейді Мағжан Бірғожаев.

«Соғыс психологиясы» атты еңбегінде ол қорқыныш, шаршау, сенімсіздік, күйзеліс секілді сезімдерді жеңудің амалдарын ұсынған. Оның пікірінше, батырлық дегеніміз – қорқынышты сезінбеу емес, сол қорқынышты жеңе білу қабілеті. Б.Момышұлының сөзімен айтсақ, «Қайсарлық – шыдам мен табандылықтың қосындысы, ал батырлық – тәртіп пен рухтың жеңісі».

Бауыржан Момышұлы ұрыста адам бойындағы барлық сезімдерді екі топқа бөледі: жоғары және төменгі сезімдер. Бұл сезімдердің әрқайсысы соғыс жағдайында белгілі бір себеппен пайда болады және сол сәттегі адамның әрекетіне тікелей ықпал етеді. Жазушы олардың мәнін ашып, әрқайсысына жеке тоқталып, терең талдау жасайды.

Жоғары сезімдерге: парыз, адамгершілік, ержүректік, ерлік, батырлық, қаһармандық тағы басқа жатады.

Төменгі сезімдер: опасыздық, ұждансыздық, үрей, қорқыныш, шошу, тағы басқалары.

Б.Момышұлының пікірінше, қорқыныш – адамға тән табиғи сезім. Алайда ол бұл сезімнің адамды әлсіретуіне емес, шыңдалуына қызмет етуі керектігін ерекше атап өтеді. Қорқынышты жеңудің жолдарын нақтылап, сыртқы және ішкі мәжбүр ету тетіктерін көрсетеді. Бұл – жазушының соғыс тәжірибесінен алынған, өмір мен өлімнің ортасындағы нағыз шындыққа негізделген тұжырым. Сыртқы мәжбүрлеу – тәртіп, командирдің бұйрығы, әскери жарғы талаптары. Ішкі мәжбүрлеу – жауынгердің ар-ожданы, борыш сезімі, Отан алдындағы жауапкершілік, өмір сүруге деген талпыныс. Б.Момышұлының айтуынша, солдаттың өмірге деген ұмтылысы мен өзін-өзі сақтау инстинкті – оның қорғануы мен шабуылға шығуына түрткі болады. Бұл – рухтың, ерік-жігердің жемісі. Ұлы Отан соғысының тәжірибесі бізге бір шындықты дәлелдеді: жеңіс – көбіне әскердің моральдық-адамгершілік күшіне, рухани төзімділігіне тәуелді. Осы тұста Б. Момышұлының әскери-психологиялық еңбектері, соғыс кезінде жинаған бай тәжірибесі – жас ұрпақты тәрбиелеуде теңдессіз құрал бола алады.

Оның ерекше сипаттағы шығармаларындағы сан қырлы психологиялық анықтамалар автордың адам жанын терең түсінетін, шынайы әрі практик психолог болғанын дәлелдейді. Бұл қағидалар бүгінгі жастарға, әсіресе алғашқы әскери дайындық пәні арқылы Отан алдындағы жауапкершілікті сезіне бастаған жасөспірімдерге аса маңызды. Мысалы, АӘД сабағында әскери тәртіпке, саптық дайындықа үйрену кезінде оқушы өзінің бойындағы жалқаулықты, ұқыпсыздықты, өзіне деген сенімсіздікті жеңіп шығуы керек. Осындай сәттерде Б. Момышұлының: «Жауынгер алдымен өзін жеңе білуі керек» деген сөзі тікелей мотивациялық мәнге ие.

– Б. Момышұлы бір естелігінде жаңа келген жас жауынгердің қатты қорқып, өз орнынан тұра алмай қалғанын айтады. Ол жауынгермен жеке сөйлесіп, оның туған жері, ата-анасы жайлы сұрай отырып, бойына сенім ұялатады. Кейін бұл сарбаз ауыр шайқастарда ерлік көрсеткен. Бұл оқиға – тәрбиенің күші мен психологиялық қолдаудың маңызын айқын көрсетеді. Осы арқылы Б. Момышұлы тек командир ғана емес, нағыз педагог, әскери тәрбиеші екенін дәлелдеген. Бүгінгі күнде осы тәсілдер АӘД пәнінің мазмұнына енгізіліп, психологиялық төзімділік пен патриоттық рухты дамыту құралы ретінде қолданылуы тиіс. Мысалы, Б.Момышұлы шығармаларындағы ерлік, батылдық, бірлік секілді ұғымдар – оқушылар бойында отансүйгіштік пен жауынгерлік мінез қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Оның майдандағы іс-әрекеттері, ұрыстағы тәртібі мен ұйымдастырушылық қабілеті жас буынға үлгі бола алады, – дейді Мағжан Бірғожаев.