Ақпарат кеңістігін реттеу – басты назарда

0 110

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Тараз қаласының тұрғындарымен кездесіп, ақпарат және мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, халықтың сұрақтарына жауап берді.

Министр алдымен ақпарат саласындағы өзекті өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 4900-ден астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Соңғы уақытта қоғамда қызу талқыға түскен «Масс-медиа» туралы заңға енгізілген жаңашылдықтар да әңгіме арқауына айналды. Аида Балаева блогерлердің қызметін заңмен реттеу қажеттілігі туындағанын атап өтіп, әсіресе әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен контенттердің ашықтығы мен әділдігі қадағалауға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ ғаламторда таралатын жалған ақпараттардың қауіптілігіне ерекше назар аударды.

– Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде арандатушылық пен жалған ақпарат тарату деректері азаймай тұр. Талдау нәтижесінде жыл басынан бері 200 мыңға жуық жалған мәлімет анықталды. Мұндай жағдайда тек ресми әрі сенімді дереккөздерге сүйену маңызды, – деді министр.

Ол ел бірлігін нығайту үшін әрбір азаматтың ақпараттық сауаттылығы мен жауапкершілігі маңызды екенін айтты.

Кездесу барысында Аида Балаева мәдениет саласындағы жаңалықтар мен қолға алынған жобалар жайлы да кеңінен баяндады. Министрлік қызметінің басты бағыты – цифрландыру екенін тілге тиек етіп, бұл орайда бірқатар ауқымды жобаның жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, «E-museum» веб-порталы іске қосылып, бүгінде мемлекеттік музей қорындағы 65 мыңнан астам экспонат пен 275 ерекше жәдігер туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болды. Сонымен қатар, «Е-архив» жобасы арқылы 2 миллионнан астам тарихи құжат цифрлық форматқа көшірілген.

Министр Тараз өңіріндегі киелі орындар – Айша бибі мен Қарахан кесенелеріне келушілердің саны жыл сайын артып жатқанын, осыған байланысты көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру жұмыстары басталғанын айтты. Бұл – табыс көлемін заңды түрде бақылап, қаржы айналымын ашық етуге мүмкіндік береді.

– Бұрын бұл орындардан түсетін табыстың нақты есебі болмайтын. Біреу билет ақшасын жәшікке, енді біреу қалтасына салатын. Қазіргі таңда мекеме басшылығы ауыстырылып, жағдай министрлік бақылауына алынды. Нәтижесінде табыс үш есеге дейін артты – бұрын 1 миллион теңге болса, қазір 3 миллионға жетті. Бұл қаражат мәдени нысандардың инфрақұрылымын дамытуға және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталады, – деді Аида Балаева.

Кездесуде А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына академиялық мәртебе беру мәселесі де көтерілді. Министр бұл сұрақ республикалық комиссияның қарауында екенін және тиісті шешім солардың қорытындысы негізінде қабылданатынын жеткізді.

Министр елімізде азаматтық қоғам институттары белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар саны 2,5 есе өссе, волонтерлік бастамалармен айналысатын ұйымдар саны 3 есеге артқан.

Жиын барысында тараздықтар министрге шағын елді мекендерде мәдениет үйлерін салу, жергілікті қолөнершілерге қолдау көрсету, әдеби кітаптарды басып шығару сияқты көкейкесті мәселелерін жеткізді. Аида Балаева әрбір сауалға жеке тоқталып, барлық ұсыныстың заң аясында қарастырылатынын мәлімдеді.