Ангелина Лукас әлем чемпиондығын абыроймен қорғап шықты
Тараз қаласында кәсіби бокстан Ангелина Лукас бұрынғы қарсыласы Даниэла Асэньходан басым түсіп, әлем чемпионы атағын табысты қорғады. Бұл жарыс тек спортшының емес, оны қолдаған бүкіл халықтың ортақ жеңісіне айналды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жуырда чемпион спортшы өзіне ерекше жанкүйер болған жандармен – Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілерімен арнайы жүздесті. Дәл осы сарбаздар Тараздағы жекпе-жек кезінде көрермен мінберінде Ангелинаға ерекше қолдау көрсетіп, рух берген болатын.
– Бұл кездесуге шығарда мені бүкіл ел, әсіресе Қазақстан әскері қолдап отырғанын жүрегіммен сезіндім. Сол қолдау маған ерекше күш-қуат берді. Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, баршаңыздың жеңісі! – деді Ангелина Лукас әскери бөлімге келген сәтінде.
Кездесу барысында әскери бөлім басшылығы чемпионға қазақтың дәстүрлі сәукелесін және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының символикасы бейнеленген заманауи спорттық жилеттін сыйға тартты.
Ангелина бұл кездесуді ерекше ықыласпен қабылдап, сарбаздарды өз отбасыдай көретінін айтып өтті.
– Армия – мен үшін екінші отбасы. Мұндай кездесулер мұнымен шектелмейді, әлі де жолығамыз, – деді спортшы қыз.
Кәсіби спортта ғана емес, патриоттық рух пен елге деген сүйіспеншілікте де үлгі бола білген чемпион қызыма алдағы жекпе-жектерде сәттілік тілейміз! Халқымыздың үмітін ақтаған спортшыны бірге қолдайық!