Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған логотип бекітілді

0 160

Биыл Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Атаулы күнге орай мерейтойлық логотип бекітілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының хабарлауынша, логотип — батыр рухына деген тағзымның символы, оның есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдырудың көрінісі болады.

Айта кетейік, мерейтой аясында Ақтөбеден шығатын барлық өнімдерде осы логотип бейнеленеді. Сондай-ақ, облыстық деңгейде 100-ден аса іс-шара өтеді. Мерейтой республикалық салтанатты шаралар тізіміне енгізілген.

100 жылдық қарсаңында Әлия ауылдық клубы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың атындағы мемориалдық музейіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Күні кеше облыстық Әлия музейінде заманауи цифрлық технологиялар таныстырылды.