Акция барысында 86 ата-ана жауапқа тартылды
10 сәуір мен 6 мамыр аралығында Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған республикалық «Жасөспірім» акциясы өтуде, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Акцияның алғашқы күнінде 542 полиция қызметкері білім, денсаулық сақтау, прокуратура және қоғам өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізді. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 109 жасөспірім анықталып, оның 2-еуі бейімдеу орталығына жеткізілді.
Сондай-ақ 117 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Ата-аналар тарапынан бала тәрбиесіне қатысты 19 жауапсыздық дерегі анықталды. Ал, алкоголь өнімдерін сату ережесін бұзған 4 кәсіпкер анықталса, көңіл көтеру орнында сағат 22:00-ден кейін болғаны 3 жасөспірім дерегі тіркелді. Сонымен қатар, сағат 23:00-ден кейін балаларын көшеде қараусыз жібергені үшін 86 ата-ана жауапқа, балаларының бұзақылық әрекеттері үшін 2 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Ал, 6 жасөспірім мен 2 отбасы профилактикалық есепке қойылып, жасөспірімдерді арнайы білім беру мекемелеріне орналастыру мәселесі бойынша 3 іс сотқа жолданды.
— Іс-шара аясында ата-аналардың өз міндеттерін орындауына, құқық бұзушылықтарды анықтауға және кәмелетке толмағандардың қауіпті ортада болуына жол бермеуге ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, — деді Жамбыл облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Орынбасар Джалдыгараев.
Жалпы, білім беру ұйымдарында 2622 оқушыны қамтыған 30 сауалнама жүргізіліп, құқықтық мәдениет, есірткі қылмысы, интернет-қауіптер және ұйымдасқан қылмыстың алдын алу тақырыптарында 124 профилактикалық іс-шара, дәрістер, әңгімелер мен брифингтер өткізілді.