Аймақтарды қалпына келтіруге қажетті ресурстар бөлінеді

0 149

Премьер-Министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен болып, төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қанат Бозымбаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Амангелді ауданы Амангелді ауылындағы су басқан үйлерді аралап, облыс орталығына апаратын жолдардың жағдайын зерделеп, халыққа көмек көрсету бойынша еріктілер орталығына барды. Жангелді ауданында Көлқамыс ауылындағы су тасқыны болған жерге барып, сондай-ақ қарғын судан зардап шеккен Көкалат ауылының тұрғындарымен кездесті. Әрі қарай Қанат Бозымбаев политехникалық колледждің жатақхана ғимаратындағы құтқару пунктіне орналастырылған Қызылжұлдыз ауылының тұрғындарымен кездесті.

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Облыстың барлық аумағында облыстық, қалалық және аудандық жедел штабтар жұмыс істейді. Шығынды бағалау бойынша комиссия құрылды.

Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол бақылауда. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар. Қарғын суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері 686,2 мың текше метрден астам қарғын су сорылып, 16 мыңнан астам қап төселіп, 1,3 мың тонна инертті материал төгілді.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев аудан және қала әкімдерімен, облыстық қызметтер мен басқарма басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Вице-премьер апаттық-құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізу, құтқарылған адамдарды барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету, шығынды бағалау, бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

«Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді», деп қорытындылады Штаб басшысының орынбасары.