Адалдық – қоғам айнасы
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Меркі аудандық мәдениет үйінде «Сыбайлас жемқорлықтың салдары» тақырыбында мазмұнды конференция өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдық пен әділдік құндылықтарын кеңінен дәріптеу, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жиынға Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дәрмен Күздеубай, аудандық білім бөлімінің кадр және мемлекеттік қызмет персоналын басқару бөлімінің басшысы Құралай Багадилова, «Нығмет нұры» облыстық қоғамдық қорының төрайымы Шарапат Сүйімқұлова, сондай-ақ түрлі мекеме қызметкерлері қатысты. Конференция барысында қатысушылар қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептері мен салдарына тоқталып, онымен күресудің нақты тетіктерін талқылады. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылы, сондай-ақ жастар арасында адалдық идеясын насихаттау мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жиында сөз сөйлеген аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова жас ұрпақтың бойында әділдік, жауапкершілік және парасаттылық қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – тәрбие.
– Қоғамда әділдік салтанат құруы үшін әр азамат өз ісінде адалдық пен жауапкершілікті басты қағида етуі қажет. Бүгінгі жиын – сол құндылықтарды дәріптеудің айқын үлгісі, – деді ол.
Іс-шара соңында қоғамда ашықтық пен парасаттылық қағидаттарын насихаттап жүрген белсенді азаматтарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Конференция қатысушыларының пікірінше, мұндай кездесулер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қоғамда әділдік мәдениетін қалыптастыруға зор серпін береді. Адалдық пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным еткен азамат қана ел дамуының қозғаушы күші болмақ.