Адал еңбек – өмірлік ұстаным

0 109

Ауыл тіршілігінің ауыр жүгін арқалап, маңдай терімен несібесін тапқан еңбек адамдары қай кезеңде де елдің берік тірегі болып келген. Солардың бірі – Қордай ауданы, Бетқайнар ауылының тұрғыны, саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған Қалық Байғұлов.

Қалық Байғұлов 1946 жылы Қалғұты ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1971 жылы Бетқайнар ауылында тракторшы-механизатор болып бастап, ауылшаруашылығы саласында қырық жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етті. Жүктелген әр істі жауапкершілікпен атқарып, ел ырысын арттыруға сүбелі үлес қосты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бүгінде Қалық ақсақал «Ұлан» шаруа қожалығын басқарып, мал бордақылау ісін табысты жүргізіп отыр. Қожалықта 300 бас бұқа, 35 жылқы және 150 бас қой өсіріледі. Бұл – жылдар бойғы тәжірибе мен тынымсыз еңбектің жемісі.

Өнегелі әке, ардақты ата ретінде де ол ауылдастарының құрметіне бөленген. Жұбайымен бірге үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде тоғыз немеренің сүйікті атасына айналған. Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы – көпке үлгі.

Жасы ұлғайғанына қарамастан, Қалық Байғұловтың еңбекке деген құлшынысы әлі де жоғары. Ұлы Ұлан Қалықұлының айтуынша, әкесі жаз шыға тракторын сайлап, шабындыққа өзі барып, шөп шабу мен тасымалдау жұмыстарын да жеке атқарады. Бұл – жұмысшы мамандыққа деген адалдық пен маңдай терге деген шынайы құрметтің айқын көрінісі.

Жуырда Қалық Байғұловтың ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, ол Жамбыл облысы әкімінің атынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Құрметті награданы Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құттықов, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің статисті Ғалымжан Оспанов және ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Қали Кеженбаев арнайы барып табыстады. Кездесу барысында еңбек адамына ізгі тілектер айтылып, ел дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды.

Қалық Байғұлов сынды азаматтарды дәріптеу – қоғам үшін аса маңызды. Себебі, адал еңбек, төзім мен жауапкершілік секілді асыл қасиеттер дәл осындай өмір жолы арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі болады. Еңбегімен еңсесін тік ұстаған Қалық ақсақалдың ғұмыры – елге қызмет етудің жарқын өнегесі.