Адал еңбек иесі

0 201

Жамбыл облысы, Талас ауданының құмды өңірінде орналасқан Үшарал ауылы – тәтті қауынымен танымал, тарихы бай елді мекен. Бұл ауыл Кеңес заманында тікелей Мәскеуге бағынған, асыл тұқымды мал шаруашылығымен ерекшеленген ерекше ауылдардың бірі болды. Осы ауылда өмірін адал еңбекпен өрген Қыдырбек Кеңесбекұлы Қоныс есімді азамат тұрады. Ол – көп жылдық тәжірибесі бар мал дәрігері, ауылдың дамуына зор үлес қосқан еңбек адамы, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қыдырбек Қоныс өз өңіріндегі мал дәрігерлік техникумды тәмамдаған соң, туған ауылына оралып, бұрынғы «Талас» асыл тұқымды мал зауытының №1 және №3 фермаларында еңбек жолын бастады. Ол қатардағы қарапайым мал дәрігері болса да, өз ісіне деген жауапкершілігі мен шынайы ықыласы арқылы ел алғысына бөленген жан. «Медицина адам өмірін сақтаса, ветеринария адамзатты сақтайды» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Қыдырбек Кеңесбекұлы әрбір малдың амандығы үшін шопандармен бірге тынбай еңбек етті. Ол уақытылы екпе салуды, қажетті дәрумендер мен тұзбен қамтамасыз етуді басты назарда ұстады. Өйткені, дені сау мал – ел байлығы, халықтың азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі.

1989 жылы ол ауылдағы «Үшарал» асыл тұқымды мал зауытының комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, жастарды кеңшар өміріне жұмылдырып, қоғамдық істерде белсенділік танытты. Бұл қызметті екі жылдан астам абыроймен атқарған соң, партия таратылып, Қыдырбек Қоныс өз мамандығына қайта оралады. Ол ешқашан мансап қуған жан емес. Оның басты мақсаты – елге адал қызмет ету, өзінің кәсібін барынша беріле атқару. Ол өз жұмысын мақтан тұтады, әрбір екпенің ел байлығына қосқан үлес екенін терең түсінеді. «Жұмыстың жаманы болмайды. Өзіңнің жүрек қалауыңмен істеген істен рахат аласың», – дейді өзі.

Қыдырбек Кеңесбекұлы кейін Үшарал ауылдық округінде бас маман қызметін де атқарып, зейнетке шықты. Қазір сол ауылда жұбайымен бірге тұрады. Ұл-қыз өсіріп, оларды ел қатарына қосты. Ұлы Елдос әке жолын жалғап, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүр. Ауылдастары оның еңбекқорлығын, қарапайымдылығын, жауапкершілігін жоғары бағалайды. Солардың бірі, құрылыс саласының ардагері Ағыбай Нақыпов: «Қыдырбекті бала күнінен білемін. Жас кезінен-ақ жауапкершілігі жоғары болатын. Еңбекке араласқан сәттен бастап адалдығымен көзге түсті», – дейді.

Еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2022 жылдың 22 маусымында Талас ауданының сол кездегі әкімі Қанатбек Мәдібектің қолынан «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласындағы ұзақ жылғы қызметі үшін бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бүгінде Үшарал ауылында төрт түліктің саны артып, шаруалар еңсесін тіктей бастады. Бұл жетістіктердің артында қажырлы еңбек иелері тұр. Солардың бірі – Қыдырбек Қоныс. Ол – адал еңбектің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі.