Әбиба Әбужақыноваға осымен үшінші рет көлік сыйға тартылды

0 71

Париждегі Олимпиада ойындарының қатысушысы, дзюдошы Әбиба Әбужақановаға тағы көлік сыйға тартылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Өзінің Instagram парақшасында спортшы бұл сыйлықты әрі қарай тоқтап қалмауға және тынымсыз жұмыс істеуге тағы бір ынталандыру деп санайтынын жазды.

«Мен мұны көп жылғы еңбегім, күш-жігерім, төккен терім және үздіксіз жаттығуларым үшін марапат ретінде қабылдаймын», деп жазды дзюдошы.

Естеріңізге сала кетейік, Әбиба Әбужақынова жазғы Олимпиада ойындарында 5-ші орын алған болатын. Ол ақталмаған үміті үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрады.

Ең бірінші болып дзюдошыға «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров көлік мінгізсе, кейін Атырау облысының әкімі де темір тұлпардың кілтін табыстаған еді.

Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Ол қола жүлдеге таласта швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, бесінші орын алған болатын. Әбужақынова Парижде аралас командалық сынға да қатысты. Бұл сайыста Қазақстан құрамасы Бразилиядан 5:2 есебімен жеңіліп қалды. 57 кг салмақта белдесетін дзюдошы болмағандықтан, осы салмақта Әбиба ел намысын қорғап, Рафаэла Сильваға есе жіберген еді.