Абай облысында Елдосқа ерекше құрмет көрсетілді

0 19

Семей қаласында дзюдодан Қазақстан чемпионатының шымылдығы түрілді. Биыл ел біріншілігінің ашылу салтанаты ерекше форматта өтті – іс-шараға Париж Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан спортының мақтанышы Елдос Сметов арнайы шақырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Салтанатты рәсім барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли спортшыға құрмет көрсетіп, көпшілік алдында оның қолын көтеріп, қошемет білдірді. Әкім өз сөзінде Елдос Сметовтің ел спортының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның жастар үшін үлгі екенін айтты. Чемпионатқа келген жанкүйерлер әлеуметтік желілерде Сметов пен облыс басшысының кездесуден түсірілген сәттерін бөлісіп, жылы пікірлер қалдырды. Ал, Елдос Сметов те өз парақшасында бейнежазба жариялап, Семейдегі кездесуден алған әсерімен бөлісті. «Семей қаласында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатынан үзінді. Абай облысының әкімімен өткен түскі кездесуден көрініс», деп жазды спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Елдос Сметов бұл сапарында жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевпен бірге болды. Оның айтуынша, әзірге ресми жарыстарға қатысу жоспарда жоқ, алайда, алдағы жылы татамиге қайта оралуды көздеп отыр. Бұған дейін спортшы Англияда тіл үйреніп, жарақаттарынан толық айығуға уақыт бөлген болатын. Сарапшылардың пікірінше, Сметовтің ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына 2026 жылдың басында қайта қосылуы ықтимал.

Айта кетейік, былтыр Елдос Сметов Ақтөбеде өткен ел чемпионатына да құрметті қонақ ретінде қатысқан еді. Биылғы Семейдегі чемпионатта да ол дзюдо жанкүйерлерін қуантты және жас спортшыларға үлгі болды.