Абай мұрасы – ұрпаққа аманат
Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Айша бибі ауылында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Ұлы дана мұрасының мән-маңызын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды мақсат еткен іс-шараға ауыл тұрғындары, жастар мен қонақтар көптеп жиналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кеш шымылдығы мәдениет үйі қызметкерлерінің Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған мазмұнды шолуымен ашылды. Олар ақын өмір сүрген дәуірдегі ұлттық болмыс пен салт-дәстүрге тоқталып, көрермендерге тағылымды деректер ұсынды. Одан кейін сахна төріне шыққан облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының жас өнерпаздары Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, халық әндерін әуелете шырқады.
Кештің көркін келтірген әсерлі сәттердің бірі – республикалық және облыстық айтыстардың жеңімпазы, жас ақын Мұхтар Қонарбайдың орындауындағы «Не жақсы? Не жаман?» атты терме болды. Ақынның дауыс мәнері мен терең мазмұнды жыр жолдары көрерменнің жүрегіне жол тауып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Аталған рухани іс-шараны ұйымдастыруда ауыл жастарының жанашыры, айтыскер ақын Нұрлыбек Құрмановтың еңбегі ерекше. Ол – Айша бибі ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі кеңесші қызметін 12 жылдан астам уақыт абыроймен атқарып келе жатқан тәжірибелі маман. Оның бастамасымен ашылған «Айша бибі» аула клубы бүгінде ауыл жастары үшін шабыттың, өнер мен руханияттың ошағына айналып отыр. Осы орталықтан түлеп ұшқан бірнеше жас ақын бүгінде облыстық деңгейде танылып жүр.
Жыл басынан бері Нұрлыбек Құрманов пен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бірқатар ауқымды іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған лудомания мәселесіне арналған «Лудомания – ғасыр дерті» атты танымдық кездесу, этнос өкілдері арасында өткен «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты көркемсөз оқу байқауы, сондай-ақ өңір журналистері арасында ұйымдастырылған облыстық кіші футбол турнирі жоғары деңгейде өтіп, жұртшылықтың оң бағасын алды.
Айта кету керек, бүгінде Айша бибі ауылдық округінде 7517 тұрғын бар. Оның 2039-ы – жастар. Осы бір әлеуетті күшке дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы, осындай рухани кештер мен тәрбиелік жобалар арқылы келешекке деген сенімді қалыптастыру – бүгінгі қоғам алдындағы үлкен міндет. Ал, Абайдай алып тұлғаның мұрасы – сол сенімнің негізі.