Абай әлеміне жетелеген кеш

0 256

Биыл қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға, кемеңгер ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі рухани-мәдени шаралар өтуде. Солардың бірі – облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында өткен «Абай – біздің жүрегімізде» атты әдеби-сазды кеш. Бұл тағылымды шара жиналған жұртты терең тебіреніске бөлеп, ұлы ақынның рухани әлеміне сапарлатқан ерекше кешке айналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кеш барысында Абай мұрасы кеңінен насихатталып, ақынның поэзиясы мен даналық ойларынан нәр алған көркем бағдарламалар ұсынылды. Көрермендер Абай өлеңдерін тыңдап қана қоймай, оның әндеріне шомылып, күйлерін зерделей алды. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ» сияқты халық сүйіп тыңдайтын туындыларды көпшілік түгелге жуық бірге шырқап, Абай рухына деген құрметін білдірді.

Шара аясында өткен кітап жәрмеңкесі де кешке ерекше рең берді. Абай шығармаларынан құралған кітаптар жұртшылық назарына ұсынылып, жас оқырмандарды әдебиетпен қауыштырды. Сонымен қатар, ұлы ақынның сүйікті зияткерлік ойыны саналатын тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылып, кешке келген қонақтар тартысты ойынға белсене қатысты. Ойын соңында жеңімпаздар марапатталып, рухани кештің мәні мен мазмұны тіпті тереңдей түсті.

Шараның ең бір әсерлі тұсы – Абай шығармаларының бірнеше тілде орындалуы болды. Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшелері – «Полонез» поляк мәдениет орталығының төрайымы Аракси Плетнева, неміс қоғамының өкілі Татьяна Осипова және «Радонеж» орыс қоғамдастығының мүшесі Полина Воротникова сахна төрінде Абай өлеңдерін өз ана тілдерінде оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл – тіл мен дінге бөлінбеген Абай рухының жалпыадамзаттық құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кеш «Ашық микрофон» форматында жалғасып, қалаған көрермен сахнаға көтеріліп, жүрегіндегі Абайға деген құрметін жыр жолдары арқылы жеткізді. Кеш соңында орталық директоры, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали жүрекжарды лебізін білдіріп, барша қатысушыларға алғысын айтты. Ол кешке атсалысқан жандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, руханияттың шамшырағы болған Абай мұрасын насихаттауға үлес қосқаны үшін ризашылығын жеткізді.

Расында, бұл кеш – Абай рухымен сырласқан, жүректі тербетіп, санаға сәуле құйған ерекше сәттердің жиынтығы болды. Абай – жай ғана ақын емес, ол – тұтас бір ұлттың рухани биігі, мәңгілік шамшырағы. Ал, бұл кеш – сол шамшырақтың шұғыласынан нұр алған, ел жүрегінде өшпес із қалдырған рухани мерекенің көрінісі болды.