Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясымен кездесті

0 1 068

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Фара Карими бастаған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясымен кездесті. Тараптар өзара іс-қимылды, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы байланысты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-ны қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты іргелі мәселелер бойынша шешімдер қабылдау үшін тиімді көпжақты алаң ретінде қарастыратынын айтты.

«Қазіргі уақытта ЕҚЫҰ Ұйым алғаш құрылған кездегідей Шығыс пен Батыс арасындағы «көпір» ретінде маңызды миссия атқарып отыр. Біз еуропалық кеңістіктегі негізгі саяси серіктестеріміздің бірі – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Парламентінің депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессияларына, оның комитеттерінің жұмысына және байқау миссияларының құрамындағы міндеттерге белсенді қатысып келеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері бүгінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа табан тірей отырып, дәйекті түрде дамып келе жатқанына назар аударды. Аталған мәселеге Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөліп келеді. Тараптар өңірдегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейін Парламенттер арқылы да қолдап отыр.

«Өңірлік жақындасу үрдістері біздің елдеріміздің ұлттық мүдделеріне сай келеді. Сондай-ақ Орталық Азияның зор экономикалық және мәдени әлеуетін іске асыруға ықпал етеді. Мемлекет басшылары 2022 жылы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытудың достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартына қол қойды. Біз Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Тәжікстанмен ынтымақтастық жөніндегі екіжақты парламентаралық комиссиялар аясында белсенді жұмыс істеп келеміз. Сонымен қатар жаңа алаң – Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумын құрдық. Форумның алғашқы отырысы былтыр Қазақстанда өтті», деді Палата Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ ПА өкілдеріне Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысы туралы да айтып берді.

Сонымен қатар Орталық Азия елдеріндегі экологияның жай-күйіне, климаттың өзгеруіне, трансшекаралық өзендерге, суару, су ресурстарын үнемді пайдалану және басқа да салаларға қатысты өзекті проблемалар талқыланды. Атап айтқанда, тараптар Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жобаларға және Палатаның осы бағыттағы заңнамалық жұмысына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ ПА өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің маңызына тоқталып, олардың нәтижелерін жоғары бағалады. Сондай-ақ алдағы уақытта парламентаралық ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.