Қасиетті айдағы қасиетті сапар

0 370

Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық ардагерлер кеңесі қасиетті Рамазан айында облысымыздың ардагерлері, зиялы қауым мен өнер саласының өкілдері үшін Түркістан облысының қасиетті жерлеріне сапар  ұйымдастырды, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Құрамында ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, актерлер Әбиірбек Тінәлі, Жүніс Әлімбек, республикалық «Салық тәртібі» газетінің директор — бас редакторы Ғалым Қасабай, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілов, Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева, ақын Ғайни Әлімбекқызы, жалпы жүзге жуық  жамбылдық бар  делегацияны облыс  әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев бастап барды.

Алдымен Отырар ауданының аумағындағы Арыстан баб  кесенесіне зиярат жасаған жамбылдықтар осы қасиетті қорымда жатқан қазақтың біртуар перзенті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қабіріне Құран бағыштады.

Қасиетті Түркістан қаласында Ахмет Ясауи кесенесіне тағзым етіп, зиярат жасады. Сол қорымда жерлеген хандар мен билердің рухына құран бағыштады. Тараз қаласында өткен халықаралық ауылшаруашылық форумына Түркия елінен келген 60-қа жуық Түрік бауырымыз да жамбылдық делегациямен бірге зиярат еткенін айта кеткен жөн.

Түркістандықтар жамбылдықтан және Түркиядан келген қонақтарға ауызашар берді.

Мұнан соң жамбылдық ардагерлер, зиялы қауым мен өнер саласының өкілдері  Түркістан қаласының көрікті жерлерін аралап, көне шаһардың жаңа келбетімен танысты.