Тлеубердиева Гүлжан Ержанқызының сайлауалды бағдарламасы

0 10

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №13 БІРМАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ

ТЛЕУБЕРДИЕВА ГҮЛЖАН ЕРЖАНҚЫЗЫНЫҢ

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

ӨМІРБАЯН

Мен, Тлеубердиева Гүлжан Ержанқызы, 1968 жылғы 31 қазанда Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келдім. Білімім – жоғары. 1991 жылы Жамбыл педагогикалық институтын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым.

Еңбек жолымды 1988 жылы Меркі ауданындағы №28 орта мектепте мұғалім болып бастадым. 1991-1999 жылдары И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясында математика пәнінен сабақ беріп, 1999-2002 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2002-2010 жылдары №48 орта мектепті, 2010-2022 жылдары №17 мектеп-гимназиясында директор болдым. 2022 жылғы тамыз айынан бері Темірбек Қожакеев атындағы №39 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының директоры қызметін атқарып келемін.

Басшылық жасаған кезеңде №17 мектеп-гимназиясы 2011 жылы облыстық «Жылдың үздік мектебі» байқауында І орын алып, 2021 жылы «Үздік инновациялық мектеп» атағын иеленді. 2024 жылы мен басқаратын Темірбек Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясы облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанып, 68 миллион теңге көлеміндегі грант сертификатына ие болды. Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болды.

Еңбегім «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен, «Облысқа еңбек сіңіргені үшін» белгісімен бағаланды. Жамбыл облыстық мәслихатының V, VI және VIII шақырылымдарында депутат болдым.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар!

Меркі ауданының тұрақты дамуы, ауылдардағы өмір сапасын арттыру және халықтың өзекті мәселелерін шешу – баршамызға ортақ міндет. Білім беру мен қоғамдық қызметте жинаған тәжірибеме сүйене отырып, облыстық мәслихат депутатының өкілеттігі және бюджет мүмкіндіктері шеңберінде төмендегі бес бағыт бойынша жұмыс жүргізуді көздеймін.

  1. Инфрақұрылым және абаттандыру. Ауданның ауылдық округтерінде жолдарды жөндеу, тозған ауызсу, электр және газ желілерін жаңғырту, көшелерді жарықтандыру мен тротуарлар салу жобаларының облыстық жоспарлар мен бюджетте қаралуына ықпал етемін. Құрылыс сапасы мен мерзімін бақылауға атсалысамын.
  2. Білім, жастар және спорт. Мектептерді күрделі жөндеу, жаңа білім нысандарын салу және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін көтеремін. Ауылдарда спорт кешендері, балалар ойын және спорт алаңдарын дамытуға, жастардың білім алуына және кәсіби қалыптасуына бағытталған бастамаларды қолдаймын.
  3. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау. Ауылдық медициналық мекемелерді жаңғыртуға, оларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ықпал етемін. Көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға қатысты ұсыныстарды көтеремін.
  4. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту. Суармалы жерлер мен су шаруашылығы нысандарын тиімді пайдалану, егін және мал шаруашылығын дамыту, шаруаларға мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыру мәселелеріне назар аударамын. Кәсіпкерлікті, өнім өңдеуді, инвестиция тартуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды қолдаймын.
  5. Ашық бюджет және тұрғындармен байланыс. Аудан үшін басым жобаларды облыстық бюджетке енгізу жөнінде ұсыныстар білдіріп, қаражаттың мақсатты жұмсалуына және мемлекеттік жобалардың сапалы орындалуына депутаттық бақылау жүргіземін. Тұрғындармен тұрақты кездесіп, өтініштері бойынша депутаттық сауалдар жолдаймын және атқарылған жұмыстар туралы есеп беремін.

Мақсатым – Меркі ауданының барлық ауылдық округі тұрғындарының мүддесін облыстық деңгейде білдіріп, елді мекендердің өзекті мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ету.

Құрметті жерлестер!

Туған жердің өркендеуі – әрбір азамат үшін маңызды. Меркі ауданының болашағы ауылдардың дамуымен, халықтың әл-ауқатымен және жас ұрпаққа жасалған мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Сондықтан ауданның өзекті мәселелерін облыстық деңгейде көтеру, олардың шешілу жолдарын қарастыру және қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалау депутаттық қызметтегі басты ұстанымдарым болмақ.

Көп жылғы ұстаздық және басшылық тәжірибем маған халықпен ашық байланыс орнатудың, әрбір мәселеге жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті. Депутаттық қызметте де осы қағидаларды басшылыққа алып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назардан тыс қалдырмауды, көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді көздеймін.

Мақсатым – Меркі ауданының барлық ауылдық округі тұрғындарының мүддесін облыстық деңгейде білдіріп, елді мекендердің өзекті мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ету.

Құрметпен, Гүлжан Тлеубердиева!

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат Г.Тлеубердиеваның сайлау қорының қаражатынан төленді.