Қант өндірісі қайта түлеп, егіс алқабының әлеуеті артып келеді

0 12

Өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны терең өңдеуге де басымдық беріліп отыр. Әсіресе, қант қызылшасын қабылдап, өңдейтін кәсіпорынның жұмысын жандандыру және жүгері өндірісінің көлемін ұлғайту – күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы қант зауытында болып, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы егіс алқаптарының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Тараз қант зауытының өндірісін қайта жандандыру жұмыстары 2025 жылы басталған. Жалпы құны 12,4 миллиард теңгені құрайтын жоба толық жүзеге асқан жағдайда кәсіпорын жылына 250 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады. Ал тәуліктік өндірістік қуаты 3 мың тоннаға дейін жетпек.

Қазіргі таңда зауыт аумағындағы негізгі өндірістік нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Қызылшаны қабылдау мен жуудан бастап, шырынды тазарту, сүзу, буландыру, кристалдандыру және центрифугалау кезеңдеріне қажетті технологиялық жабдықтар жеткізіліп, оларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынды іске қосуға дайындық деңгейі 95 пайызды құрайды. Қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау үшін 10 мердігер ұйым екі ауысыммен еңбек етуде.

Зауытты жаңғырту барысында инженерлік инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалмаған. Мемлекет тарапынан кәсіпорынға жер телімдерін рәсімдеу, газ және электр қуатын арттыру бағытында қолдау көрсетілген.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 25 қазаннан бастап қант қызылшасын қабылдау бекітілген кесте бойынша жүргізіліп келеді. Бүгінде тәулігіне 1 мың тонна шикізат қабылдануда. Қараша айында бұл көлемді кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Өңір басшысының жұмыс сапары бұдан әрі Жамбыл ауданында жалғасты. Қапал ауылындағы «Жанболат» шаруа қожалығына барған Ербол Қарашөкеев егіс алқабындағы жұмыстың барысын көрді. Биыл шаруашылық 7,5 гектар жерге дәндік жүгері егіп, одан 53,3 тонна өнім жинаған. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 71 центнерден өнім алынған. Сонымен бірге 15 гектар алқапқа қант қызылшасы орналастырылып, жоспарлы өнімділік гектарына 800 центнер деп белгіленген. 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықтың техникалық мүмкіндігі де жаман емес. Қожалық иелігінде екі трактор, шөп оратын бір комбайн, жүк көлігі және бес тіркеме бар.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл Жамбыл ауданында 52 806 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 10 305 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген. Атап айтқанда, 7 840 гектарда тамшылатып, 2 825 гектарда жаңбырлатып суару әдісі қолданылуда. Сондай-ақ егіс алқаптарының құнарлылығын арттыру мақсатында 26 420 гектар жерге 9 985 тонна минералды тыңайтқыш себілген. Биыл аудан шаруашылықтары 38 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, техникалық паркті жаңартуға ден қойған. Қазіргі таңда жаңарту көрсеткіші 8 пайызды құрайды.

Облыс әкімінің келесі аялдамасы Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» шаруа қожалығы болды. Мұнда жүгері өсіру бағытында қолға алынған жұмыстар мен алқаптың өнімділігі таныстырылды. Шаруашылық басшысы Саха Манатовтың мәліметінше, биыл қожалық 600 гектарға дәндік жүгері, 400 гектарға қант қызылшасын, 400 гектарға көпжылдық шөп және 160 гектарға дәнді дақылдар еккен. Егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін 17 ұңғыма қазылып, 56 шақырым жерасты су құбыры тартылған.

Бүгінде шаруашылық 450 гектардан астам жүгеріні жинап үлгерген. Алынған өнім көлемі 4 мың тоннадан асады. Әр гектардан орта есеппен 90 центнерден өнім жиналуда. Бұл көрсеткіш аталған дақылдың өңірдегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік бар екенін аңғартады. Жалпы Байзақ ауданында биыл 58 622 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Бүгінге дейін аудан бойынша 590 018 тонна өнім жиналған.

Егіс алқаптарын аралау барысында Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығын дамытуда өнім көлемін арттырумен шектелмей, оны терең өңдеуге көшу қажеттігін атап өтті.

– Күні кеше Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға баса назар аударды. Біз де осы бағыттағы жұмыстарды белсенді жалғастыруымыз керек. Мәселен, Шу ауданындағы жүгеріні терең өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін биыл 25 600 гектарға жүгері егілді. Алдағы уақытта бұл көлемді 60 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Байзақ ауданында да жүгері алқаптарының аумағы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұған дейін 1 мың гектар көлемінде егілсе, биыл 4 мың гектарға жеткізілді. Сондықтан шаруаларды осы дақылдың егіс көлемін ұлғайтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз, – деді облыс әкімі.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен, Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстарын уақытылы аяқтап, кәсіпорынды толық іске қосуға қажетті шараларды жеделдету міндеттелді. Сонымен қатар қызылшаны қабылдау, тасымалдау және өңдеу ісін үйлестіріп, шаруалардың өнім өткізуіне қолайлы жағдай жасау қажеттігі ескертілді.

Аудан әкімдіктеріне егін жинау науқанын сапалы аяқтау, жиналған өнімнің ысырап болуына жол бермеу, оны сақтау мен өткізуді бақылауда ұстау тапсырылды. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және тыңайтқыштарды тиімді пайдалану жұмыстары жалғасуы тиіс.

Жалпы, өңірдегі бұл бағыттағы жұмыстардың түпкі мақсаты – ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті шикізатты өзімізде өңдеп, одан дайын өнім өндіру. Қант зауытының қайта түлеп, жүгері алқаптарының кеңеюі осы межеге бастайтын маңызды қадамдардың бірі болмақ.