Сарысу спортшыларының ұстаханасы
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Сарысу ауданындағы №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысы мен жетістіктеріне арналған брифинг өтті. Жиында аталған спорт мектебінің басшысы Сағидолла Ниетбеков мекеменің тыныс-тіршілігі, жас спортшылардың дайындығы, жаттықтырушылардың кәсіби әлеуеті және жарыстарда қол жеткізген нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
2003 жылы құрылған спорт мектебі бүгінде аудан балаларының спортқа қызығушылығын арттырып, олардың қабілетін шыңдауға үлес қосып келеді. Мекеменің міндеті – жасөспірімдерді спортқа баулу, саламатты өмір салтын насихаттау және болашақта ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеу.
Сағидолла Ниетбековтің айтуынша, спорт мектебінің жұмысын жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту және жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ол мекемені 2025 жылдан бері басқарып келеді. Осы уақыт аралығында ұжымның әлеуетін арттырып, спортшылардың нәтижесін жақсартуға басымдық берілген.
– Жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – басты міндеттеріміздің бірі. Спорт баланың физикалық дайындығын ғана емес, бойындағы тәртіпті, табандылықты, жауапкершілікті де қалыптастырады. Сондықтан жаттығу үдерісінің сапасына және әр спортшының қабілетін ашуға ерекше мән береміз, – деді мектеп басшысы.
Қазіргі таңда мекемеде 58 қызметкер еңбек етеді. Оның 21-і – жаттықтырушы, 27-сі – кіші қызметкер, ал 10-ы әкімшілік қызмет атқарады. Жаттықтырушылардың қатарында жоғары санатты бір маман және екінші санатты тоғыз жаттықтырушы бар.
Спортшыларды даярлау ісінде бапкерлердің кәсіби деңгейі айрықша рөл атқаратыны белгілі. Осыған орай жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінуде. Биыл мамандарды кезең-кезеңімен оқыту аясында мектеп жаттықтырушылары Астана қаласында ұйымдастырылатын біліктілікті арттыру курстарына жіберілуде. Мұндай оқулар заманауи жаттықтыру әдістерін меңгеруге және оқу-жаттығу үдерісін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде спорт мектебінде 21 жаттықтырушы 43 оқу тобында 507 спортшымен жұмыс жүргізіп отыр. Жасөспірімдер олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша дайындалады. Олардың арасында 113 спортшы жасөспірімдік спорттық разрядтарға ие болса, 44 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер деңгейіне жеткен.
Бұл көрсеткіштер аудан жастарының спортқа деген ынтасы жоғары екенін аңғартады. Сонымен қатар спортшылардың жарыстарға жүйелі дайындалуына, тәжірибе жинақтауына және шеберлігін шыңдауына жол ашып отыр.
Жас спортшылардың жетістігі де көңіл қуантады. Брифингте айтылған мәліметке сүйенсек, 2025 жылы спорт мектебінің 641 тәрбиеленушісі жарыстарға қатысып, оның 213-і жүлделі орындардан көрінген. Ал 2024–2026 жылдар аралығындағы чемпионаттарда мектеп спортшылары Қазақстан Республикасы чемпионаттарында бес алтын, үш күміс және төрт қола медаль иеленген. Жамбыл облысының чемпионаттарында 29 алтын, 20 күміс және 57 қола медаль жеңіп алған.
Сағидолла Ниетбеков бұл нәтижелерді спортшылардың табандылығы мен жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің жемісі деп бағалады. Оның сөзінше, жарыстағы жеңіс медаль санымен ғана өлшенбейді. Әрбір сайыс жас спортшының тәжірибесін молайтып, өз мүмкіндігін бағамдауына және келесі белестерге ұмтылуына ықпал етеді.
Спорт мектебі бұқаралық спортты дамытуға да үлес қосып келеді. Жыл басынан бері мекеменің ұйымдастыруымен 22 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 2 947-ден астам адам қатысқан. Оның ішінде 11-і аудандық, жетеуі облыстық, төртеуі республикалық деңгейде ұйымдастырылған.
Мұндай шаралар балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тартуға, олардың арасындағы салауатты бәсекелестікті қалыптастыруға және спорттық тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да мектеп ұжымы жарыстардың ауқымын кеңейтіп, жас спортшылардың дайындығын жетілдіруді көздеп отыр.
Жалпы, Сарысу ауданындағы №28 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ауданның спорттық әлеуетін арттыруға, дарынды жастарды анықтап, олардың қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда. Ұжымның алдағы межесі – қол жеткізген нәтижелерді еселеп, облыстық және республикалық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге жету, сондай-ақ халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеу.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мектеп басшысына спорт саласын дамыту, жас спортшыларды қолдау және алдағы жоспарларға қатысты сауалдарын қойды. Сағидолла Ниетбеков журналистердің сұрақтарына нақты жауап беріп, мекеме жұмысына қатысты бірқатар маңызды мәліметпен бөлісті.