Аққияда айшықты алтын ұяның есігі ашылды

0 219

Жаңа оқу жылының алғашқы күні Аққия ауылының тұрғындары үшін айрықша қуанышпен басталды. Бір ғасырға жуық тарихы бар бастауыш мектептің орнына бой көтерген жаңа білім ошағы ауыл балаларының игілігіне беріліп, 1 қыркүйек – Білім күні мерекелік көңіл-күймен аталып өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Аққия ауылында бүгінде 127 отбасы, 750-ге жуық тұрғын бар. Соңғы жылдары ауылдағы бала санының артуы білім ордасын кеңейтуді қажет етті. Осы мақсатта ауылда заманауи талаптарға сай жаңа мектеп салу қолға алынған болатын.

Құны 1 миллиард 308 миллион теңгені құрайтын екі қабатты, 100 орынды мектептің құрылысын Нышаналы Қалдыбаев басқаратын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс жұмыстары сапалы атқарылып, жаңа нысан белгіленген талаптарға сай пайдалануға берілді.

Ең бастысы – жаңа мектеп ауылдағы білім сапасын арттыруға ғана емес, балалардың алаңсыз білім алуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік беріп отыр. Биыл Аққиядағы білім шаңырағы жаңа оқу жылын 180 оқушымен бастамақ. Оның 40-қа жуығы көршілес Төрткүл ауылынан қатынап оқиды. Ал алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған 21 бүлдіршін үшін бұл күннің орны бөлек. Сонымен қатар даярлық тобына 22 бала қабылданған. Оқушыларға білім беретін 24 мұғалім жаңа мектепте еңбек ететін болады.

Жаңа мектептің ашылуы мен оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиынға аудан әкімі Олжас Баққараев, аудандық ардагерлер және Қоғамдық кеңес төрағалары Бекен Омаров пен Қайрат Оралов, аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Өскембекова, Жалғызтөбе ауылдық округінің әкімі Марат Тайтелиев, ардагер ұстаздар, ауыл ақсақалдары, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Көпшілік жиналған, сәні келіскен мектеп ауласындағы іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев аққиялықтарды жаңа мектептің ашылуымен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысы білім саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Соның бір көрінісі – бүгін ел игілігіне беріліп отырған осы жаңа мектеп. Білім – ел болашағының берік негізі. Сондықтан әр балаға сапалы білім, саналы тәрбие беру – басты міндетіміз.

Бүгін аудан бойынша 1840 бүлдіршін бірінші сыныпқа қадам басып отыр. Солардың қатарында Аққия ауылындағы балалар да бар. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Ендігі мақсат – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жақсы білім алып, елінің абыройын асқақтататын азамат болып қалыптасу, – деді аудан басшысы.

Бұдан кейін сөз алған Жалғызтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Қошқарбаев пен еңбек ардагері Рабжан Гайнудинов жаңа мектептің ауыл балаларына тарту етілуін үлкен қуанышқа балап, аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген мердігер мекеме ұжымына алғыстарын білдірді. Әсіресе Рабжан ақсақал өз сөзінде мектептің сыртқы келбеті мен заманауи жабдықталуы қаншалықты маңызды болғанымен, білім ошағын шын мәніндегі «алтын ұяға» айналдыратын ұстаздардың еңбегі екенін атап өтті.

– Мектеп қаншалықты үлкен әрі көрікті болғанымен, оның ішіне жан беретін – ұстаз. Ұстаздың жылы жүрегі мен терең білімі шәкірттің болашағына жол ашады. Сондықтан балалар технологияны меңгеріп, тіл үйреніп, кітап оқып, үлкенді сыйлап, туған жерін құрметтеуді ешқашан ұмытпауы керек. Әрбір жетістіктерің – ауыл үшін үлкен қуаныш, – деген ардагер ұстаз жас жеткіншектерге ақ батасын беріп, жаңа мектептен ел болашағын жарқын ететін білімді де дарынды жастардың көптеп шығуына тілектестігін білдірді.

Салтанатты іс-шараның тағы бір әсерлі сәті жаңа білім ошағының символикалық кілтінің табысталуы болды. Мердігер мекеме директоры Нышаналы Қалдыбаев мектептің символикалық кілтін мектеп директорының міндетін атқарушы Сандуғаш Берметоваға табыс етті. Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын 11-сынып оқушысы Жанерке Төлегенова мен мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушысы Жансерік Көпіш соқты. Осылайша Аққиядағы жаңа білім ордасында алғашқы оқу күні ресми түрде басталды.

Көпшіліктің қуанышын еселей түскен келесі сәтте аудан әкімі Олжас Баққараев пен ауыл ақсақалдары Т.Өмірәлиев және Т.Шакірбаев жаңа мектептің ашылу лентасын қиды. Ақ жаулықты әжелер мен ауыл тұрғындары шашу шашты.

Салтанатты іс-шарадан кейін қонақтар мектеп ғимаратын аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты. Жаңа білім ошағындағы оқу кабинеттері мен арнайы бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ оқушылардың дене шынықтырумен айналысуына арналған спорт залы, асхана, мектеп ауласындағы спорттық және ойын алаңдары да заман талабына сай жабдықталған. Яғни жаңа мектепте балалардың сапалы білім алуына, бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылданып, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына барлық мүмкіндік қарастырылған.

Аққиядағы жаңа мектеп – ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы. Бір ғасырлық тарихы бар білім ошағының жалғасы ретінде бой көтерген жаңа нысан енді ауыл балаларының үлкен өмірге қанат қағатын алтын ұясына айналмақ. Жаңа мектептің ашылуы – ауыл болашағына жасалған маңызды қадам. Өйткені ауылдың ертеңі – бүгінгі баланың қолында. Ал сол баланың сапалы білім алып, жақсы тәрбие алуына жасалған жағдай – елдің келешегіне салынған ең қымбат инвестиция.