Ауылға ажар, елге игілік әкелген бастамалар

0 11

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл ауданына жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға және елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаның жүзеге асырылу барысы сараланды. Өңір басшысы аудан аумағындағы туристік, спорттық, білім беру, мәдениет және ауылшаруашылығы нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

«Сеңгірбай» демалыс орнында облыс әкіміне жазғы шомылу маусымының ұйымдастырылу деңгейі мен демалушыларға көрсетілетін қызмет түрлері таныстырылды. Қазіргі таңда демалыс аймағында 72 адамға арналған тоғыз демалыс үйі, қонақүй, тамақтану орны жұмыс істейді. Сонымен қатар келушілерге интернет желісі мен катамаран қызметі ұсынылған. Нысанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ербол Шырақпайұлы туристік нысандардағы қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті. Әсіресе шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын арттыру және ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Тастөбе ауылында облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын көрді. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына кең мүмкіндік беріп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзіміне назар аударып, жауапты мекемелерге нысанды талапқа сай әрі уақытылы аяқтауға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі осы ауылдағы «Тастөбе» шаруа қожалығының жұмысымен де танысып, шаруашылықта қолданылып жатқан су үнемдеу технологияларының тиімділігіне мән берді. Қазіргі таңда шаруашылық 297 гектар жерді игеріп отыр. Оның 230 гектары егістік болса, 35 гектары суармалы алқапқа тиесілі. Егіс алқаптарында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары қолданылуда. Мұндай тәсілдер су ресурстарын тиімді пайдаланып, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Шаруашылықта мал шаруашылығы да жолға қойылған. Мұнда 200 бас ірі қара өсірілуде, алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл күздік бидай, арпа, қант қызылшасы, картоп, пияз және бақша дақылдарын егу жоспарланып отыр.

Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы өндірісінде су үнемдеу технологияларын одан әрі кеңейтіп, олардың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар егістік жерлердің өнімділігін арттыру, заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану және шаруашылықтың өндірістік әлеуетін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі Қостөбе ауылындағы 100 орынды жаңа орта мектептің құрылыс барысымен танысты. Білім беру нысанының құрылысын «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр. Заманауи мектепті биыл пайдалануға беру жоспарланған. Мектеп құрылысында ең басты талап сапа болуы тиіс екенін айтқан өңір басшысы барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ жаңа білім ошағы оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы болуы керектігін атап өтті.

Аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба – Ш.Ниязбеков ауылында салынып жатқан мәдениет үйі. Бұл нысан да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары өткен жылы маусым айында басталған. Мәдениет үйі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының рухани-мәдени өмірін жандандырып, түрлі қоғамдық және мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналмақ. Осыған байланысты облыс әкімі құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бастамалар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда Ш.Ниязбеков ауылында орнатылған бірыңғай үлгідегі аялдамалар таныстырылды. Заманауи талапқа сай жабдықталған аялдамалар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Облыс әкімі аялдамалардың жаңа үлгісін оң бағалап, осындай нысандарды аудан орталықтары мен ауылішілік көшелерге кезең-кезеңімен орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Жалпы, Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары барысында ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаның жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізілді. Туризмді дамыту, бұқаралық спортқа жағдай жасау, заманауи білім және мәдениет нысандарын салу, ауылшаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу және елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар. Бұл бағыттағы жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы облыс басшылығының тұрақты бақылауында.