Жамбылда 56 ауыл алкогольден толық бас тартты

0 9

Жамбыл облысында алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген профилактикалық шаралар нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы алты айында заңсыз сатудың 370 фактісі анықталды, деп хабарлайды  «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Полицияның мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізілген кешенді жұмыстардың арқасында алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға азайған.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 43 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтаған. Олардың қатарында есірткі заттарын заңсыз сақтау және пайдалану, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтардың масаң күйде көлік басқару деректері бар.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Алкогольді қоғамдық орындарда ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін 3048 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қою мақсатында 208 кәсіпкердің алкоголь өнімдерін сату лицензиясын уақытша тоқтату мәселесі бойынша материалдар сотқа жолданды.

Сонымен қатар алкогольге тәуелді азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Алты ай ішінде 272 адам профилактикалық есепке алынып, 27 тұрғын мәжбүрлі емделуге жіберілген.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Алкогольсіз ауыл» жобасы аясында бүгінде Жамбыл облысының 56 елді мекенінде алкоголь өнімдерін сату толық тоқтатылған.

Полицияның мәліметінше, мұндай алдын алу шаралары қоғамдық тәртіпті нығайтып, құқық бұзушылықтардың азаюына және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етіп отыр.