Облысымыздағы экологиялық ахуал бақылауда

0 18

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс бойынша Экология департаментінің басшысы Нұржас Нұрболатұлы Нұрболаттың қатысуымен брифинг өтті. Онда департамент басшысы ведомствоның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыстарының қорытындысын жария етіп, өңірдегі экологиялық жағдай, мемлекеттік экологиялық бақылау, қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Спикердің айтуынша, департамент экологиялық реттеу және мемлекеттік бақылау функцияларын Қазақстан Республикасының Конституциясы, Экология кодексі және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар ұжым қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Осы мақсатта биыл алты құқықтық семинар ұйымдастырылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тұрақты түрде талдау жасалған.

Жыл басынан бері департаментке 310 өтініш түсіп, олардың барлығы заң талаптарына сәйкес қаралған. Сондай-ақ 1725 кіріс құжаты тіркеліп, 969 шығыс құжаты жолданған. Азаматтарды жеке қабылдау барысында 10 тұрғынның мәселесі қаралған.

Нұржас Нұрболатұлының мәліметінше, облыста қауіптілігі жоғары І санатқа жататын 47 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың басым бөлігін тау-кен өндіру және өңдеу, химия, мұнай-газ, агроөнеркәсіп және металлургия салалары құрайды.

Департамент тарапынан көрсетілетін бес мемлекеттік қызмет бойынша алғашқы алты айда 92 қызмет ұсынылған. Оның ішінде кешенді рұқсаттар, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындылары, қоршаған ортаға әсерді бағалау және әсер етуге рұқсат беру қызметтері қамтылған. Ал талаптарға сәйкес келмеген 69 өтінім бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған. Спикердің сөзінше, есепті кезеңде мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты азаматтар тарапынан ешқандай арыз-шағым түспеген.

Өңірдегі өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсері де тұрақты бақылауда. Есепті мерзімде атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың нақты көлемі 20,33 мың тоннаны, су объектілеріне төгінділер көлемі 7,93 мың тоннаны, ал қалдықтардың нақты көлемі 11,2 миллион тоннаны құраған.

Мемлекеттік экологиялық бақылау аясында түрлі негіздер бойынша 19 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 51 экологиялық заң бұзушылық анықталған. Заң талаптарын бұзған 90 тұлғаға жалпы сомасы 140,9 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 99 пайызы ерікті түрде өндірілген. Зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің жұмысы барысында 43 зертханалық тексеру өткізіліп, 148 сынама алынып, 715 талдау жүргізілген. Соның нәтижесінде экологиялық нормативтердің 27 рет асып кету фактісі анықталған.

Брифинг барысында спикер облыс тұрғындарының ерекше назарында тұрған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытына қатысты жүргізілген жұмыстарға да тоқталды. Департамент басшысының айтуынша, жоспардан тыс тексеру кезінде кәсіпорынның атмосфераға шығаратын зиянды заттарының белгіленген нормадан асқаны анықталып, серіктестікке 116 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Қазіргі таңда бұл қаражат толық көлемде өндірілген.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған түтін мен күкірт иісіне қатысты жарияланымдардан кейін департамент мамандары жедел түрде тексеру жұмыстарын жүргізген. Санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерде жүргізілген өлшеулер қорытындысында атмосфералық ауадағы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан аспағаны анықталған.

Экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлескен «Таза ауа» рейдтері де ұйымдастырылған. Рейд барысында 66 автокөлік тексеріліп, олардың 11-інен белгіленген нормативтердің асып кеткені белгілі болған.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі атмосфералық ауаның сапасы тұрақты бақылауда. «Қазгидромет» филиалы жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша Тараз, Жаңатас, Қаратау қалалары мен Қордай ауылындағы ауа сапасы «төмен» деңгейде бағаланса, Шу қаласында ластану деңгейі «көтеріңкі» санатына жатқызылған.

Брифингте су объектілерінің ластануына қатысты жұмыстар да сөз болды. Атап айтқанда, «Жамбыл-Су» кәсіпорнында жүргізілген тексеру нәтижесінде төгінділердің шекті нормадан асқаны анықталып, кәсіпорынға 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарындағы өрттердің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Биыл облыста екі өрт фактісі тіркеліп, заң талаптарын бұзған полигон иелеріне әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылған. Сонымен қатар өңірдегі 167 полигонның 26-сында қоршаған ортаға әсер етуге арналған рұқсат құжаттарының жоқ екені анықталып, олардың иелеріне заң талаптарын орындау жөнінде тиісті нұсқамалар берілген. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 98 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, бүгінгі күні олардың 95-і толық жойылған.

Нұржас Нұрболатұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі экологиялық мәселелерді кешенді шешуге арналған 2023–2026 жылдарға арналған жол картасының орындалу барысына да тоқталды. Оның айтуынша, жоспарланған 25 іс-шараның 13-і толық орындалып, қалған 12-сі жүзеге асырылу үстінде. Сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған арнайы жол картасын әзірлеген. Құжатта фосфогипс қалдықтарын қайта пайдалану, құрылыс материалдарын өндіру және өзге де экологиялық жобаларды іске асыру көзделген.

Брифингті қорытындылаған департамент басшысы Жамбыл облысындағы экологиялық ахуалдың еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда тұрақты әрі бақылауда екенін атап өтті.

Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері саладағы өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, спикер тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді.