Судағы қауіпсіздік – басты назарда
Жаз мезгілінде тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету – жауапты мемлекеттік органдардың маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Жуалы ауданына барып, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы аумағында орналасқан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының жұмысымен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2026 жылдың 1 маусымынан бастап Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы аумағында мобильді құтқару бекеті тұрақты жұмыс істеп келеді. Бекет құтқару қайығымен, аспалы мотормен және арнайы «Газель» автокөлігімен жабдықталған. Қазіргі таңда үш құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарып, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде шомылуға рұқсат етілген 12 арнайы орын белгіленген. Биылғы шомылу маусымы басталғаннан бері осы рұқсат етілген су айдындарында адам өліміне немесе жарақат алуына әкелген төтенше жағдайлар тіркелмеген. Бұл – жүргізіліп жатқан алдын алу және қауіпсіздік шараларының нәтижесі.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құтқару қызметінің материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысып, жауапты сала басшыларына шомылу маусымы аяқталғанға дейін қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе, рұқсат етілген су айдындарындағы стационарлық және мобильді құтқару бекеттерінің тәулік бойғы жұмысын күшейтіп, жағалау аумақтарын үздіксіз патрульдеуді жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар тұрғындар мен демалушылар арасында судағы қауіпсіздік ережелерін кеңінен түсіндіруге бағытталған профилактикалық жұмыстарды жандандырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Өйткені қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындайды.
Аралау барысында кемшіліктер де анықталды. Атап айтқанда, бақылау мұнарасының, құтқарушыларға арналған тұрақтың және қауіпсіздік туралы ақпараттық тақтайшалардың жоқ екені белгілі болды. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді бір апта ішінде толық жоюды тапсырды. Келесі аптаның соңында берілген тапсырмалардың орындалуын жеке өзі тексеретінін ескертті.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрғындар мен қонақтардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру барлық жауапты мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ шомылу маусымы аяқталғанға дейін өңірдегі су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.