Аптап ыстықтың беті қайтады
«Қазгидромет» 21-23 шілде күнгі ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің болжауынша, Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, екпінді жел, жекелеген аудандарда қатты жаңбыр мен бұршақ жауып, дауыл болуы ықтимал.
Жауын-шашынмен ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Күндіз ауа температурасы Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-батысында +20+30°С, республиканың орталығы мен шығысында +22+35°С, тіпті оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерде термометрлердің бағандары +27+35°С белгісіне дейін төмендейді. Тек еліміздің батысында Ираннан ыстық ауа массаларының келуіне байланысты +30+42°С жоғары температуралар сақталады.