Елімізде салынатын екінші АЭС-ке Мойынқұм атауы беріледі

0 10

Елімізде салынатын екінші атом электр стансасына Мойынқұм атауы беріледі. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.

— Екінші станса бойынша шешім бар. Ол да Балқашта орналасады. Қазіргі уақытта 3 перспективалы алаң зерттеліп жатыр. Талқылау қорытындысы бойынша сіздерге нақты қай жерде орналасатынын хабарлаймыз. Екінші атом стансасының жұмыс атауы да бар. Ол Мойынқұм АЭС-і деп аталады, — деді агенттік төрағасы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның мәліметінше, екінші стансада да қуаты 1200 Мвт-тық екі блок салу жоспарланған.

— Қазіргі уақытта серіктесімізбен әлеуетті вендорды анықтау үшін келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін айтқанымыздай қытайлық CNC компаниясы екінші атом электр стансасының құрылысы бойынша әлеуетті серіктес ретінде қарастырылады, — деді Алмасадам Сәтқалиев.