Бейбітшілікке үлес қосқан ардагер

0 7

Қашанда қанды қырғиқабақ соғыстың шығынсыз болмайтыны белгілі. Ауған соғысы Кеңес Одағы құрамында болған Қазақстанға да өз салқынын тигізбей қоймады. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Бүгінгі таңда елімізде он мыңға жуық ауған соғысының ардагерлері бар, Олардың үш мыңға жуығы мүгедектер қатарында, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ауған соғысындағы от пен оқтың ортасында болып, жат жердің «дәмін» татқан ардагердің бірі – Байғали Тәңірбергенов. Байғали Байжігітұлы 1967 жылы Шу ауданында туған. Мектеп бітірген соң анасымен Жуалыға көшеді. Ал 1985 жылы Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданындағы Құлан мал-дәрігерлік техникумында оқып жүргAен тұста әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын алғаш Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында өтейді. Онда ол әскери техниканың жүргізуші болады.

– Екі ай дайындықтан соң бізді Алматы қаласына әкеліп, ұшаққа отырғызып Ауғанстанның астанасы Кабул қаласына бір-ақ әкеліп тастады. 150 жауынгерді осында жан-жақтағы заставаларға бөліп-бөліп жіберді. Мен Баграм қаласындағы Жабал әскери полкіне түстім. Онда «БТР-60», «БТР-70» және «БТР-80» соғыс техникасын тізгіндеп, сонымен бірге пулеметші де болдым. Жат жердегі әскери қызметім осылай басталып кетті. Біз әскери көліктерді Саланг асуынан арлы-берлі алып өтіп отырдық. Өйткені бұл асуда үнемі әскери колонаға душмандар шабуыл жасап отыратын. Әскер борышымның аяқталуына аз қалғанда жау жанармай таситын көлікке шабуыл жасады. Әскерлерден біраз шығын болды. Шабуыл кезіндегі қарбалас кезінде мен екі көліктің ортасында қысылып қалып, қабырғаларым сынды. Айналаға түскен снарядтың ұшқыны да тиді. Бір жарым ай госпитальда жатып, елге 1987 жылы III топтағы мүгедек болып оралдым. Сол ұрыста бір жауынгер досымыз көз алдымызда минаға түсіп, бір аяғынан айырылды. «Судың да сұрауы бар» дейді халқымыз. Ауыз суды алыстан арнайы көлікпен жеткізеді. Су таситын көлікке екі мәрте шабуыл жасалып, сусыз қалған сәттеріміз де аз болған жоқ. Ауған жерінде жүріп өмір сүрудің қадірін терең түсіндік, – дейді Байғали аға.

Ондағы қанды қырғын ұрыстарда талай жауынгер ерлікпен қаза тапты. Олардың ішінде Жұмабек Оразбаев, Нұрлыбек Замбаев, Виктор Латикант сынды жуалылық жауынгерлер бар. Байғали Тәңірбергенов ауған жерінде екі жылға жуық уақыт болып, елге аман оралған азаматтардың бірі. Ол ауылға келген соң Кенжекүл есімді арумен отау құрып, аудандық мекемелердің бірқатарында жұмыс істеді.

– Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр. Ауған соғысы қаһарман, батыр азаматтарды шығарды. Әлбетте, осынау ауған соғысы ардагерлерінің арасында жерлесіміз, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың жөні бөлек, орны ерек деп білемін. Біраз жылдан бері ел өңірлерінде Ауған соғысының қаһарманы Бақытжан Ертайұлының атында бокстан, қазақ күресінен турнирлер өткізіліп келеді. Жуалы жері қашанда батырлардан, ақын-жазушылардан, чемпиондардан кенде болған емес. Аты аңызға айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлік істері, бірегей азаматтық келбеті қандай да бір өлшемге, қалыпқа сыймайды, – дейді ардагер Байғали Байжігітұлы.

Ауғандық ардагердің кеудесінде «Ардагер», «Батыр шапағаты», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 20 жыл» тағы басқа бірнеше мерекелік медальдар жарқырайды. Бұл – әлбетте, ерлікке деген зор құрмет. Байғали Байжігітұлы елімізге қауіп төнсе қорғауға әрдайым дайын екенін, ең бастысы Отанымыздың тыныштығын қалайтынын жеткізген еді.