Таразда әскери борышын өтеген сарбаз өз өнерімен көпшілікті тәнтті етті

0 5

ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының Тараз қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде тағылымы терең мәдени іс-шара өтті. Әскери бөлім музейі жас сарбаз, қатардағы Бекзат Рамазановтың өз қолымен салған көркем туындыларымен толықты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Әскери қызметтен тыс уақытта Бекзат Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған даңқты батырлардың портреттерін салумен айналысады. Оның шығармашылық қоржынында Рақымжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин, сондай-ақ өткен жылы туғанына 100 жыл толған Ыбырайым Сүлейменов сынды қаһармандардың бейнелері бар. Әр туындыда батырлардың қайсар мінезі мен отаншыл рухы айқын көрініс тапқан.

Ерекше атап өтерлік жұмыс – аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының портреті. Бұл бейнені сомдауға сарбаз үлкен жауапкершілікпен қараған. Батырдың болаттай берік болмысын, өр рухын көркем жеткізу жоғары шеберлікті талап еткені анық. Нәтижесінде мазмұны терең, көрген жанға рух беретін, патриоттық сезімді оятатын әсерлі туынды дүниеге келген.

Портрет жанрын таңдауы да Бекзат үшін кездейсоқ шешім емес. Ол бала кезінен мүсінші болуды армандап, Алматы қаласындағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде білім алып, бейнелеу өнері мен мүсіннің қыр-сырын меңгерген. Ал әскери қызметте байланыс торабының радиотелефоншысы мамандығын таңдауы — саналы әрі өмірлік ұстанымынан туған қадам. Өйткені оның туған әпкесі ҚР ҰҚК Шекара қызметінде байланысшы ретінде еңбек етеді.

Өнегелі отбасынан шыққан жас ұлан бүгінде әскери борышын шығармашылықпен ұштастырып, өзгелерге үлгі болуда. Оның туындылары батырлардың асқақ бейнесін сақтап қана қоймай, олардың жауынгерлік рухын келер ұрпақтың санасына сіңіруге қызмет етеді. Әрбір портреттен Ұлттық ұлан жауынгеріне тән парыз, ар-намыс пен ерлік құндылықтары анық сезіледі.