Асыраушы саланың әлеуеті артып келеді

0 5

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында ауылшаруашылығы саласын дамытуға басымдық берілген. Президент тапсырмасына сәйкес, Жуалы ауданында тиісті жұмыстар қолға алынған. Аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, аудан бойынша ауылшаруашылығы жерлері 216306 гектар алқапты құрайды. Оның егістігі 95449, шабындығы 2046, жайылымы 109439, көп жылдық екпелері 265, басқа да қосалқы егістіктер 2128 гектар алқапқа орналастырылған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

– Жыл санап ауданда мал басы артып келеді. Биылғы мал қыстату науқанына аудан шаруалары 182900 тонна пішен, 17 мың тонна пішендеме, 38500 тонна сабан, 19 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланған болса, жоспар артығымен орындалып, барлығы 30736,2 гектар шабындық алқаптан мол азық қоры дайындалды. Атап айтсақ, пішен жоспарланғаннан 155,1 пайызға артық орындалып 283990 тоннаға жетті, ал пішендеме – 17055 тоннаны құраса, сабан 49320 тоннаға жетіп, жоспар 128,1 пайызға орындалып отыр. Сүрлем де 19078 тоннаға жеткізілді. Сөйтіп, биылғы мал қыстату қыстауларда жайлы өткізілуде, – дейді Ержан Байұзақұлы.

Ал, мал басына келетін болсақ, ауданда мүйізді ірі қара басы 45639-ға жетсе, сауынды сиыр саны 19850 басты құраған. Бұдан бөлек, қой-ешкі саны 192380, жылқы 17650 басты құраса, құс саны 74900-ден асып жығылады. Бүгінгі күні ауданда 50 бастан жоғары шағын сүт тауарлы фермалар саны 26-ға жеткен. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарда селекциялық және асыл тұқымды аналық мал басы көбейтілуде. Бүгінгі күні 799 мүйізді ірі қара, 18875 бас қой осы санатқа жатқызылған. Жалпы, өткен жылдары шаруашылықтар тарапынан 141 бас мүйізді ірі қара, 2367 бас қой асыл тұқымды шаруашылықтардан сатып алынып, өсірілуде.

Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер саны 74 шаруа қожалыққа жетіп отыр. Ал, сүт өндірумен айналысатын және мемлекеттен өткен жылдары субсидия алып отырған ауылшаруашылығы кооперативтері 100-ге жеткен. Жалпы, ауданда мал шаруашылығы бойынша 184 шаруа Үкіметтің қолдауына қол жеткізген. Ең ірі мал бордақылау алаңы «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Мұнда 1000 басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Сонымен қатар, мал және құс басының өсуі ет, сүт және жұмыртқа өндірісін дамытуға өз септігін тигізуде. Ержан Серкебаевтың айтуынша, өткен жылы 9,7 тонна ет, 30,2 мың тонна сүт өндірілсе, 6,8 миллион жұмыртқа нарыққа шығарылған.

Ауданда ауылшаруашылығы техникасын жаңарту бойынша тиісті жұмыстар бөлім тарапынан қолға алынған. Өткен жылдары техниканың жаңару көрсеткішінің жоспары 10 пайызды құрап, 171 техника алынған. Жалпы құны 998,5 миллион теңгені құрайтын бұл жаңа техниканың 62-і трактор, 109-ы ауылшаруашылығы тіркемелері. 60 трактор шаруашылықтар тарапынан лизингке алынса, 2 трактор қолма-қол қаржыға алынған. Ал, 15 ауылшаруашылығы тіркемесі лизингке, 94-і нақты ақшаға сатып алынған.

– Президентіміз халыққа арнаған әрбір Жолдауында агросаланы дамытуға басымдық беріп отырғаны белгілі. Осы бағытта биылғы жылға жоспарланған жұмыс көлемі ауқымды болғалы тұр. Атап айтсам, биылғы жылдың өнімі үшін 9 мыңға жуық гектар алқапқа күздік себілді. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстарына жер дайындау бойынша 45620 гектар сүдігер көтерілді. Жалпы, биыл ауданда 95449 гектар алқапқа егін, көкөніс орналастыру көзделген. Егістік жерлерге 11 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарлануда. Ал, шаруа қожалықтардың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсету үшін 2300 тонна дизель отыны үлестіріледі. Сондай-ақ биыл техника паркін 11 пайызға жоғарылатып, 109 ауылшаруашылығы техникасын алу межеленіп отыр, – дейді Ержан Серкебаев.