Мал – баққанға бітеді

0 9

«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» – деген екен академик Иван Павлов. Бүгінгі күні бұл саланың тамырына қан жүгіріп, ветеринарияға тиісті көңіл бөліне бастады. Талас ауданының ветеринариялық бөлімінің басшысы Берік Қаратаевтың айтуынша, өткен жылы аудандық ветеринария бөлімі Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамаларына сәйкес эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу, мал шаруашылығын дамыту және ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізген, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

–  Мал ауруларының алдын алу мақсатында жұқпалы ауруларға қарсы диагностикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, 2025 жылы бекітілген жоспарға сәйкес, 12 түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцинациялау және диагностикалық жұмыстар толық көлемде атқарылды. Атап айтқанда, аусыл, сібір жарасы, нодулярлық түйнеме және құтыру ауруларына қарсы профилактикалық екпелер жүргізілді. Сонымен қатар, бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, екі бас уақ малдан оң нәтиже анықталды. Анықталған мал иелеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 44250 теңге көлемінде өтемақы төленді. Жалпы алғанда, ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық жұмыстар толық аяқталды, – деп атап өтті Берік Абитайұлы.

Ал, ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары өткен жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша аудан аумағында 35076 бас мүйізді ірі қара, 451426 бас қой-ешкі, 2486 бас түйе, 21276 бас жылқы және 154 бас шошқа бірдейлендіру есебінде тіркелген. Төлдерді бірдейлендіру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес, 100 пайыз орындалып, бұзау, қозы-лақ, құлын, бота және торайлар толық сырғаланған. Жылқы малдарын чиптеу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.

«Соңғы жылдары ветеренария саласына жақсы көңіл бөлінуде. Соның арқасында мал дәрігерлерінің материалдық-техникалық базасы жақсара түсті. Мәселен, аудан бойынша 14 ауылдық округ бар. Өткен жылы 6 ауылдық округте заманауи талаптарға сай ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізілуде, қазіргі таңда оның құрылыс жұмыстары 75-80 пайызға орындалды. Жалпы аудан бойынша ветеринариялық пункттермен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды. Автокөлік паркін жаңарту мақсатында былтыр 10 жаңа «Нива» автокөлігі беріліп, нәтижесінде ауылдық округтердің автокөлікпен қамтылуы 75 пайызға жетті» дейді Берік Абитайұлы. Ал, ауданда қаңғыбас жануарларды аулау және реттеу бойынша есепті кезеңде аудан аумағында 1175 қаңғыбас ит ауланып жойылса, 33 ит панажайға өткізілген. Сонымен қатар, 570 ит чиптеліп, «Itcor» ақпараттық базасына енгізілген. 200 итке кастрация, 20 итке стерилизация жасалған.

Қауіпті мал ауруларына қатысты ошақтар да залалсыздандырылуда. Бөлім басшысының айтуынша, аудан аумағында 7 сібір жарасы ошағы тіркелген. Барлық ошақтар қоршалып, бетондалып, ескерту тақтайшалары орнатылған. 2024–2025 жылдары адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасы ауруы тіркелмеген. Сонымен қатар, аудан бойынша 7 Беккари шұңқыры бар, жалпы қамтылу деңгейі 50 пайызды құрайды. Бұдан бөлек, ауданда үш мал сою алаңшасы жұмыс істейді. Барлық сою алаңшаларында мал сою алдындағы және сойылғаннан кейінгі ветеринариялық тексерулер толық көлемде жүргізіледі.

Халық арасында жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында 57 кездесу өткізілді, аудандық баспасөзде мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде ақпараттар тұрақты түрде орналастырылды. Ветеринария саласын цифрландыру аясында ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (әрі қарай-АШЖБ),  бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі (әрі қарай- БАБЖ), «VetLab», «Itcor» және «Tort Tulik» жүйелері толық іске қосылып, тұрақты жұмыс істеп тұр.

– Қазіргі таңда ауданда 90 маман қызмет атқарады. Ветеринариялық мамандардың орташа жасы – 40 жас. Өткен жылы 4 жас маман жұмысқа қабылданып, жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда. Жалпы, Талас ауданы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ветеринариялық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес толық көлемде орындалып, тұрғындар мен мал шаруашылығы үшін қауіпсіздік қамтамасыз етілді, – дейді Талас ауданының ветеринариялық бөлімінің басшысы Берік Қаратаев.