Жамбыл облысында екі адам жайылымдағы жылқыны атып алып кеткен
Жамбыл облысында жайылымдағы жылқыны атып кеткен күдіктілер ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, Талас ауданының тұрғыны жайылымдағы жылқыларын тексеру кезінде іс-әрекеттері күдік тудырған «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігіндегі адамдарды байқап, учаскелік полиция қызметкеріне хабар берген.
Полиция қызметкерлерімен жедел шаралар қабылданып, автокөлік Үшарал ауылы маңында тоқтатылған. Тексеру барысында көліктің жүк салғышы мен салонынан бір бас жылқының бөлшектелген еті, сондай-ақ мал союға арналған құралдар мен аңшы мылтығы табылып, тәркіленген.
Күдіктілер жайылымда жылқыны атып алып, сол жерде сойғаны белгілі болды. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі — 188-1 бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен (адамдар тобы болып, мал ұрлауға оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Күдіктілер 49 және 65 жастағы екі ер адам кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.