Президент: Арал теңізін құтқару адамзат үшін өзекті мәселе болып қала береді

0 118

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Арал теңізі мәселесіне тоқталып, оның жаһандық маңызын атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

 «Арал мәселесін қозғамау мүмкін емес. Арал теңізін құтқару бүкіл адамзат үшін әлі де аса маңызды міндет болып отыр. Мен бұл мәселені халықаралық алаңдарда бірнеше рет көтердім», деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев көпжылдық жүйелі жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалуға мүмкіндік туғанын айтты. Тоқаев теңізді қалпына келтіру жобасы басталғанына бес жыл болғанын еске салды.

Президент Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырудың және осы мәселені шешуге халықаралық қауымдастықты тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет», деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев су еліміз үшін стратегиялық ресурс екенін айтып, су мәселесімен жүйелі түрде айналысу керектігін атап өтті.

«Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз», деді Президент.