Ауылшаруашылығы техникасы 6,3 пайызға жаңарды
Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші өткен жылдарға қарағанда жақсара түскен. Атап айтсақ, өткен жылдың 11 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,4 пайызды құрап, өнеркәсіп өнімінің көлемі 16, ауылшаруашылығы 1,4, құрылыс жұмыстары 20,4, тұрғын үй 1,1, сауда 0,2, көлік 2,9, байланыс 9,5 пайызға, ал негізгі капиталға салынған инвестиция 33,1 пайызға артқан, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы тапсырғандай шағын және орта бизнесті дамытуға облыста басымдық берілген. Бизнесті дамытуға облыстың қаржы институттарымен 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 миллиард теңге несие үлестірілген. Берілген несиелердің ішінен мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 52,1 миллиард теңгені құрайтын 1218 жоба іске асырылған. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес субъктілерімен шығарылған өнім көлемі 18,1 пайызға артты. Осы жылдың 1 желтоқсанына жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 109,9 мыңды, онда жұмыспен қамтылғандар саны – 165,4 мың адамды құрады. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 миллиард теңгені, ЖӨӨ-дегі үлесі – 22,5 пайызды құрады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жалпы ауданы 40 мың шаршы метр өндірістік жайлары бар шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып, онда құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын үш жоба жүзеге асырылды.

Өсім ауылшаруашылығы саласында да байқалады. Атап айтсақ, ауылшаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 485,4 миллиард теңгені құраған. Ал, ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 640 мың гектарға жетіп, ол алқаптан 3,3 миллион тонна өнім жиналды. Оның ішінде 283 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,3 миллион тонна көкөніс, 207 мың тонна картоп, 389 мың тонна бақша дақылдары бар. Қант қызылшасы алқабы толық жиналып, 221 мың тонна өнім алынып отыр.
Диқандардың күшімен биыл 858 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 391-і трактор-комбайн болса, 467-і ауылшаруашылығы тіркемелері. Нәтижесінде, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 6,3 пайызды құрады. Мал шаруашылығында ет өндірісі (тірі салмақта) – 2,2 пайызға, сүт – 1,7 пайызға артты. 888,7 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталды, оның ішінде410 мың тонна пияз. Пияз экспорты бойынша облыс көшбасшы болуда. Президент тапсырмасына сәйкес, игерілмей жатқан жерлерді қайтару бойынша 61,8 мың гектар жер телімі қайтарылған. Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылған.
Облыста 66,5 мың гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиялары енгізілген. Сондай-ақ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандарында 322 су нысандары қайта жаңартудан өткізілуде. Су саласын дамытудың Кешенді жоспары аясында 184 миллиард теңге есебінен 2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын қайта жаңарту және 312 каналды жөндеу жоспарлануда.