Жамбыл облысында 30 жыл тазаланбаған су арналары ретке келтіріліп жатыр
«Қазсушар» РМК-ның өңірдегі филиалы онға жуық жер арығын механикалық әдіспен тазартып жатыр. Жұмысқа Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған жаңа арнайы техника тартылған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Мамандардың айтуынша, механикалық тазарту су шығынын азайтып, судың алқаптарға тоқтаусыз жетуіне мүмкіндік береді. Тазарту шаралары қазан айында басталып, суару маусымы басталғанға дейін толық аяқталуы тиіс.
Ауыл еңбеккерлері ұзақ жылдар күттірген бұл жұмыстарға ризашылық білдірген. «Сұлутөр» каналы арқылы 120 гектардан аса жоңышқа алқабы суарылатын болса да, арық соңғы бірнеше онжылдық бойы жөндеу көрмеген. Соның кесірінен су арнадан шығып, көп бөлігі ысырап болған.
«Бұрын ауыл тұрғындарымен жиналып, арықты тауға дейін күрекпен тазалайтынбыз. Одан бері қанша жыл өтті. Арық бітеліп, шөп өсіп кеткен еді. Соның салдарынан ауылға су дұрыс жетпейтін. Міне қазір «Қазсушардың» Жамбыл филиалы ауданымызға техника бөліп, бір аптаның ішінде арықтарды тазалап берді. Осы жұмыс үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен филиалға алғыс айтамын. Мен 11 гектар жерге жоңышқа ектім. Су еш кедергісіз уақытылы келіп тұр. Бұрын арыққа шөп өсіп, қоқыстар жиналып, бітеліп қалған еді. Соның салдарынан су жан-жаққа ағып, ысырап болатын. Енді көктемнен бері су жақсы келіп тұр», деді «Сұлутөр» шаруа қожалығының басшысы Нұрғалым Шағырбаев.
Министрлік биыл «Қазсушар» Жамбыл филиалына 75 жаңа техника мен автокөлік берген. Олардың қатарында экскаваторлар, жүк тиегіштер, тракторлар, су тасымалдауға арналған көліктер, самосвалдар, автокрандар, тіркемелер мен өзге де арнайы жабдықтар бар.