Діни тұрақтылық сақталып отыр
Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Спикердің айтуынша, облыста бүгінгі таңда тұрақты діни ахуал сақталған. Басқарма тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, дін саласындағы мемлекеттік саясатты заң аясында жүйелі түрде жүзеге асыруда. Жұмыс «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдар негізінде жүргізіледі.
Сәкен Сәрсенбайұлының айтуынша, басқарманың міндеті – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды дамыту және зайырлылық қағидатын сақтау. Осы бағыттарда 125 маманнан құралған 16 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс жүргізеді. Олар халықпен төмен, орта және жоғары тәуекел дәрежесі бойынша кездесулер өткізіп, қоғамдағы діни тұрақтылыққа оң әсер етіп отыр.
Өңірде 11 конфессияға біріктірілген 396 діни бірлестік қызмет етеді. Оның ішінде 350 мешіт, 8 православ шіркеуі, 1 католиктік және 37 протестанттық діни ұйым бар. Төрт миссионер ресми тіркеуде тұр. Облыста 47 намазхана мен құлшылық үйі жұмыс істейді. «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде 90, «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығында 222 шәкірт білім алуда. Сегіз түрлі христиандық бағытты және басқа конфессияларды қамтитын діни ұйымдармен ынтымақтастық тұрақты. Конфессияаралық қақтығыстар тіркелмеген. Ораза айт, Құрбан айт, Рождество, Пасха секілді діни мерекелер дәстүрлі түрде аталып өтуде. Қыркүйекте облыс делегациясы VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысқан.
– Радикалды діни идеологияларға қарсы иммунитетті күшейту мақсатында мақсатты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде биыл 100-ден астам азамат оңалтудан өтіп, қоғамға бейімделген. ҚАЖ мекемелерінде теологтар мен имамдардан құралған 21 маман жұмыс атқарып, 11 сотталушы оңалтуға бағытталған бағдарламаларға тартылды. «Жусан» операциясы аясында елге оралған әйелдер мен балалар да назарда.
Интернет кеңістігіндегі жұмыстың күшеюі нәтижесінде радикалды топтарға тіркелген 28315 азамат аталған топтардан шығарылды. 1294 күдікті парақша анықталып, сараптамаға жіберілді. Дін проблемаларын зерттеу орталығының студиясында 22 бейнеөнім және 576 «reels» дайындалып, әлеуметтік желіге орналастырылды, – деді спикер.
Өңірде дін саласында 102 маман еңбек етеді екен. Олардың ішінде 21-і – Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері. Биыл орталық мамандарының жалақысына 100 пайызға дейін үстемақы төленіпті. Сондай-ақ басқарма еліміздің жетекші университеттерінде білім алып жатқан 136 студентпен байланыс орнатқан.
Сәуір айында облыстық деңгейде 150 маманды қамтыған екі күндік оқыту семинары өтіпті. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтер жүргізіліп, жыл басынан 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, он ай ішінде «е-Өтініш» жүйесі арқылы түскен 38 өтініштің барлығы мерзімінде қаралған.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері спикерге сұрақтарын қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша жауаптар алды.