Өнім көлемі де, инвестиция көлемі де артқан

0 14

Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баспасөз брифингін өткізіп, ауданның негізгі салаларындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Әкімнің айтуынша, Мойынқұм ауданы биылғы жылы тұрақты даму қарқынын сақтап, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізген. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 117,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 31,7 миллиард теңгеге артқан. Ауылшаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім байқалады — жалпы өнім көлемі 5,1 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құраған. Ал6 негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21,8 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 16,5 пайызға артқан.

Өңір басшысы тұрғын үй құрылысы да жанданып келе жатқанын атап өтті. Биыл пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 3353 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға өскен. Сондай-ақ бөлшек сауда айналымы 5 миллиард теңгеге жетіп, 140 пайыздан астам өсім көрсетті.

Ауылшаруашылығы саласында суармалы жерлер көлемі 16 пайызға ұлғайған. Егістік көлемі 4,1 мың гектарды құрап, өнім көлемі 14 мың тоннаға дейін жетеді деп күтілуде. Су жүйелерін тазалау және тоғандарды қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 75 миллион 300 мың теңге бөлініп, нәтижесінде су ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі артқан.

Ермек Амангелдіұлының айтуынша, аудан халқын ауызсумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Ақсүйек, Ақбақай, Хантау, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарында су жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Бұл жобалардың басым бөлігі жыл соңына дейін толық аяқталады. Алдағы уақытта тағы алты елді мекеннің ауызсу жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы жобалардың құны 7 миллиард 157 миллион теңгеден асады, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, көлік және жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеуге 390 миллион 700 мың теңгеден астам қаржы бөлініп, тоғыз көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Мойынқұм маңындағы Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысы 555 миллион 500 мың теңгеге бағаланып, 90 пайызға аяқталса, Қарабөгет ауылындағы көпір жобасы 340 миллион 100 мың теңгеге жүзеге асырылып, жұмыстың жартысы аяқталған.

Энергетика және инфрақұрылым мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Мыңарал, Ақсүйек және Мирный ауылдарындағы ескі электр желілері мен бағаналар ауыстырылып жатыр. Газдандыру бағытында 9 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан халқының басым бөлігі табиғи газға қосылады.

– Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Биыл көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар үшін 20 пәтер сатып алуға 321 миллион 500 мың теңгеден астам қаржы бөлініп, жаңа баспаналар отбасыларға табысталмақ. Аудан орталығында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Амангелді көшесінің және бірнеше көпқабатты үйдің келбеті жаңарды. Бірлік және Биназар ауылдарында жаңа демалыс саябақтары бой көтеріп, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып отыр, – деді спикер.

Мәдениет пен спорт саласы да назардан тыс қалмаған. Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешені мен жаңа кітапхана пайдалануға берілсе, Бірлік ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. Сонымен қатар, ауданда жеті футбол алаңы қайта жөнделіп, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасалуда.

Білім саласында 44 оқу орны мен 15 балабақша жұмыс істейді. Апатты мектептер мен балабақшаларды қалпына келтіру бағытында нақты шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, Күшаман ауылындағы Амангелді мектебінің орнына жаңа ғимарат салу үшін жобалық құжаттар дайындалуда.

Қорытындылай келе, аудан әкімі Ермек Карентаев Мойынқұмның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты арнада екенін атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сапасын арттыру. Ол үшін барлық салада нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жобаларды уақытылы аяқтап, жаңа бастамаларды іске асыру – біздің алдағы міндетіміз, – деп түйіндеді Ермек Амангелдіұлы.

Баспасөз брифингі соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аудан басшысына өз сауалдарын қойып, өзекті мәселелер бойынша нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.