Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту қарқыны төмен

0 106

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірде әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және «Жасыл белдеу» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл облыс көлемінде 765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған болса, жыл басынан бері оның 522,2 мың шаршы метрі ел игілігіне тапсырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға артық көрсеткіш. Сонымен қатар, 39,7 миллиард теңге қаржы есебінен кезекте тұрған 3 805 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Әлеуметтік осал топтарға жалға берілетін тұрғын үйлер үшін 21,5 миллиард теңгеге 1 415 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 307 пәтер сатып алынып, 284 пәтер бойынша сатып алу конкурсы өтуде, ал 824 пәтердің құрылысы жалғасып жатыр.

Дегенмен, Тараз қаласы мен Сарысу, Талас, Шу және Қордай аудандарында бұл бағыттағы жұмыс баяу жүргізілуде. Талас пен Сарысу аудандарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының 50–60 пайызы ғана орындалған. Осыған байланысты Ербол Қарашөкеев аймақтағы пәтер сатып алу қарқынының төмендігін атап өтіп, жоспардың небәрі 21,7 пайызға орындалғанын сынға алды.

– Тұрғын үй мәселесін шешу – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Егер ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамти алмасақ, бұл – үлкен сын. Сондықтан аталған жұмыстарды биыл 10 желтоқсанға дейін толық аяқтау қажет, – деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жеделдетіп, сапаны қатаң бақылауда ұстауды және сатып алу рәсімдерін сәулет-құрылыс нормаларына сай ұйымдастыруды тапсырды.

Кеңес барысында «Жасыл белдеу» бағдарламасының орындалу барысы да талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында облыс аумағында жалпы көлемі 814,6 гектар жерге 970 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Соңғы үш жыл ішінде 636 гектар аумаққа 775 мың ағаш егілген. Биылғы жоспар бойынша 178,6 гектар жерге 195 мың түп ағаш отырғызылуы тиіс. Оның 130 мың түбі көктем мезгілінде егілсе, қалған 65 мың түп ағаш күз айларында отырғызылмақ. Ербол Қарашөкеев бұл бағыттағы жұмыстардың сапасына да ерекше назар аударып, егілген ағаштардың күтімін күшейтуді және экологиялық бастамаларды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.