Тоқпанов рухына тағзым
Облыс сахна өнерінің қарашаңырағы – Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл тарихи белес қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы қос мерейлі дата аясында Тараз төрінде республикалық театр фестивалі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Фестиваль қонақтары – сахна саңлақтары КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрының директоры Еркін Жуасбек, режиссер Қуандық Қасымов, сондай-ақ Асқар Тоқпановтың немересі Аян Тоқпанов ұлт театры ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Театр алдына төселген қызыл кілеммен жүріп өтіп, өнер ордасының табалдырығынан аттады. Қазақ режиссурасының негізін қалаған тұлғаның бейнесі сахна төрінде жасанды интеллект арқылы жаңғыртылған дауысымен қатар көрсетілгенде көрермен ерекше әсерге бөленді.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев театр ұжымын және фестиваль қатысушыларын тарихи мерекемен құттықтады.
– Қадірлі театр сүйер қауым! Театр – жай ғана өнер ордасы емес, ұлттың жүрегі, руханияттың қайнар көзі. Сахнада өмірдің өзі өріледі. Актердің шынайы шеберлігі мен режиссердің көрегендігі көрерменге ой салып, рухани байытады. Сондықтан театр – тәрбиенің мектебі, парасаттың биігі.
Биылғы мерейтой – өңіріміздің мәдени өміріндегі маңызды белес. Тоқсан жылдық тарихы бар қасиетті қарашаңырақ қазақ өнерінің алтын бесігіне айналды. Ал, бүгінгі театрдың атауы – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, профессор Асқар Тоқпановтың есімімен байланысуы – үлкен мақтаныш, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет пен театр саласына ерекше көңіл бөлгенін атап өтіп, «Тараз» жастар театры студиясының ашылуы осы бағыттағы тың серпіннің нәтижесі екенін жеткізді.
Салтанатты іс-шараның көркін қазақ сахнасының абыздары Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай әл-Тарази ашты. Олар Асқар Тоқпановтың шәкірті әрі әріптесі ретінде ұстаздың адамдық болмысы мен өнерге сіңірген еңбегі жайлы әсерлі естеліктер айтты.
– Тоқпанов – қазақ театрының мектебін қалыптастырған тұлға. Ол сахна мәдениетін, режиссураны ғылым мен өнердің тұтастығы ретінде ұғындырды. Бүгінгі мерекелік іс-шара – соның жалғасы, – деді Тұңғышбай әл-Тарази.
Фестиваль барысында театр саласына еңбегі сіңген бірқатар мәдениет майталманы марапатқа ие болды. Ашылу салтанатында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері, «Тараз» триосы және танымал орындаушы Оңал Азаматова өнер көрсетіп, іс-шара Қадірғали Көбентайдың “Өнер адамы” әнімен түйінделді.
Бес күнге жалғасатын театр фестиваліне еліміздің алты аймағынан өнер ұжымдары қатысуда. Көрермен назарына ұсынылатын туындылар қатарында Ұлытау облыстық С.Қожамқұлов театрының Георг Бюхнердің «Войцек» драмасы, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық драма театрының Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Түркістан облыстық Р.Сейітметов театрының Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен», Алматы қаласындағы Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының Ғабит Мүсіреповтің «Қозы мен Баян», Талдықорғандағы Б.Римова театрының Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» және А.Тоқпанов театрының Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» трагифарсы бар.
Театр – уақытпен бірге жаңарып, ұлт руханиятының айнасы болып қала береді. Асқар Тоқпановтың 110 жылдығы мен театрдың 90 жылдығына арналған бұл фестиваль – өнерге тағзым, ұлт мәдениетіне құрмет. Киелі сахнада жан мен сезімнің, ой мен парасаттың тоғысқан сәті – көрерменге рух береді. Тараз төрінде өткен мерейтойлық фестиваль соның айғағы болды.