Жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты

0 141

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Орталықта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жетістіктерімен танысты.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқаруға және талдауға, сондай-ақ «GovTech»-шешімдер қабылдауға арналған «AI-Driven Government» ахуалдық орталығының тұжырымдамасы жөнінде баяндады.

Сонымен қатар, мемлекеттер басшыларына «Smart City» технологиялары, роботты техника аймағы, түрлі салаға жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған «Samruk-Kazyna» жобалары көрсетілді.

Президенттер «Astana Hub» инновациялық кластерін аралап көрді. Орталықта 1800-ден астам «IT»-компания мен стартап, оның ішінде шетелдің үлесі бар 460-тан аса компания тіркелген.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевке халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық компаниялардың өнімдері жайында мәлімет берілді.