Талас ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда

0 41

Талас ауданында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бұл бастама шын мәнінде оң нәтижелерін беруде. Атап айтқанда, С.Шәкіров ауылындағы 4 көше, Аққұм ауылында 3 көше, Ойықта 1 көше, сондай-ақ Ақкөл мен Бостандық ауылдарында екі көшеден орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа жалпы 212,4 миллион теңге бөлініп, бүгінде құрылыс қарқыны бәсеңдемей жалғасуда, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Сонымен қатар, ауыл мәдениетін өркендетуге де баса назар аударылған. Ойық ауылындағы мәдениет үйін қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге, Үшарал ауылындағы мәдениет үйін жөндеуге 141,2 миллион теңге қаржы қарастырылған. Аталған жобалардың барлығын «Компания Сырым Блеке» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Бұл нысандар 2026 жылға өтпелі ретінде жоспарланған.

Ауданның ауызсу жүйесін жақсарту бағытында да нақты қадамдар жасалып жатыр. Қазіргі таңда 23 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. 2025 жылы Қожағаппар мен Сейілбек ауылдарында су құбырының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізді. Ал, Қараой ауылындағы су жүйесін аяқтауға 267,2 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасып келеді. Бұдан бөлек, Арал мен Қайыр ауылдарында ауызсуға арналған модульдік контейнерлік блоктар орнату жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл жобаларға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге бөлінген.

Аудандағы тағы бір маңызды мәселе – газдандыру. Бүгінгі таңда Талас ауданындағы 17 елді мекенде 15100 тұрғын табиғи газға қосылған. Бұл аудан халқының басым бөлігі көгілдір отынның игілігін көріп отыр деген сөз. Жергілікті биліктің мәліметінше, 2027 жылдың соңына дейін барлық елді мекендер толық газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіледі.

Жалпы алғанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы Талас ауданында өз нәтижесін беріп, ауыл келбеті өзгеріп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Жол жөнделіп, су құбыры тартылып, мәдениет ошақтары жаңарып, газ тартылып жатқан ауыл тұрғындарының болашаққа сенімі нығая түскені анық.