Таразда 100 көшенің жолы орташа жөндеуден өткізіліп жатыр
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар тұрғын аймақтарды аралады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Өңір басшысының бұл жолғы жұмыс сапары «Бәйтерек» (13) шағынауданынан басталды. Аталған аумақ тұрғындары тарапынан түскен шағымдарға байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген болатын. Шағынаудандағы көрініс шынымен де көңіл көншітпейді екен. Қураған ағаштар, шабылмаған шөп, уақытылы шығарылмаған қоқыс пен бітеліп қалған арықтар… Ербол Қарашөкеев жауапты мекемелерге олқылықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, қаланың тазалығы коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір тұрғынның да жауапкершілігі екенін атап өтті. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрғындардың белсенділігі артса, мұндай мәселелердің алдын алуға болатынын айтты.
Облыс басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттерін жаңғырту жұмыстарының барысын да тексерді. Қалаға бірегей сәулеттік келбет беру бағытындағы бұл бастама кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Өткен жылы 11 көпқабатты үй жаңартылса, биыл тағы 15 үйдің шатыры мен сырты жөнделмек. Қазіргі таңда Абай даңғылы, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінің бойындағы үйлерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, бұл жобаларға 320-дан астам құрылысшы жұмылдырылған.
Әкімге «Қарасу» каналын абаттандыру жобасы да таныстырылды. Жоба аясында ұзындығы 1,275 шақырым болатын су арнасының жағалауы жаңғыртылып, 13630 шаршы метр аумақ көгалдандырылады. Сонымен қатар, 8500 шаршы метр жерге тротуар төселіп, балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары салынады. Қала тұрғындары үшін бұл нысан алдағы уақытта жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналмақ.
Облыс әкімі сонымен қатар, Рысбек батыр, Е.Ниетқалиев және Ұлбике ақын көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын бақылады. Аталған көшелерде қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда, Ербол Қарашөкеев мердігерлердің жұмысына қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Жөндеу жұмыстары қала тұрғындарына кедергі келтірмей, бекітілген кестеден кешікпей аяқталуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Айта кету керек, биыл Тараз қаласында 100 көшенің жолы орташа жөндеуден өтуде. Бұл – қаланың көлік инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған ауқымды бастама. Қаладағы жүргізіліп жатқан барлық жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, жайлы өмір сүру мүмкіндігін арттыру.