Халық табысын арттырған «Ауыл аманаты»

0 5

2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауылшаруашылығы өндірісін жандандырудың нақты құралына айналды. Аталған жоба шеңберінде соңғы бес жылда ауыл тұрғындарына қолжетімді несиелер ұсынылып, кооперативтер құрылып, мыңдаған бас мал сатып алынып, ауыл кәсіпкерлігі жаңа серпін алды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

2019–2023 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен жобаға 42,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 38,4 миллиард теңге республикалық, 3,8 миллиард теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған. Бұл қаржыға 62 ауылдық округте 8028 жоба несиелендірілді.

Жоба аясында жалпы 252 мың мал басын сатып алуға 7890 несие берілсе, жергілікті бюджет есебінен құрылған 57 кооперативке 3,5 миллиард теңгеге 533 дана ауылшаруашылығы техникасы лизинг арқылы табысталды. Сонымен қатар, кооперативтердің айналым қаражатына 946,9 миллион теңге, ал ауыл тұрғындарының жеке кәсіп бастауына 730 миллион теңгеге 97 жоба қаржыландырылды.

«Ауыл аманаты» жобасының басты ерекшелігі – несиелердің жылдық мөлшерлемесінің небәрі 2,5 пайыз болуы және ауылдық жерлердегі тұрғын үйлерді кепілге қабылдау арқылы банктік талаптарды жеңілдетуінде. Нәтижесінде ауыл тұрғындарына кәсіп бастау әлдеқайда қолжетімді бола түсті.

Тек 2023 жылы ғана 25,5 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округте 4076 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 23,4 миллиард теңгеге 152 мыңнан астам мал басы сатып алынып, 33 кооперативке 183 дана ауылшаруашылығы техникасы лизинг арқылы берілді. 43 кәсіпкер өз кәсібін бастау үшін қаржылық қолдауға ие болды.

2022 жылы 7 миллиард теңгеге 1210 кәсіпкерге несие берілді. Бұл қаржы 48 мыңнан астам мал басын сатып алуға, кооперативтерге техника және айналым қаражаттарын алуға, 13 кәсіпкерге жеке ісін бастауға бағытталды.

2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен 1,3 миллиард теңгеге 253 жоба қаржыландырылып, 6073 мал басы сатып алынды. Сонымен қатар, 3 кооперативке техника мен қаражаттар бөлінді, 13 кәсіпкер өз кәсібін бастады.

2019 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 8,4 миллиард теңге игеріліп, 2489 жоба қаржыландырылды. Осы жылы-ақ 45 мыңнан астам мал басы сатып алынған болатын.

Бүгінде 8028 жаңа жеке кәсіпкер құрылып, ауылдық жерлерде 37 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 22838 – тұрақты, 14206 – уақытша жұмыс орны. Бұл өз кезегінде атаулы әлеуметтік көмекке тәуелділікті азайтып отыр. 2020 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мың адамға қысқарып, мемлекет қазынасынан 823,3 миллион теңге үнемделді.

Қатысушылардың орташа айлық табысы 78 мың теңгеден 134,8 мың теңгеге дейін өсіп, 171 пайызға артқан. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тіркелген кәсіпкерлер 1,6 миллиард теңгеден астам салық пен әлеуметтік төлемдер төлеген.

2024 жылы республикалық бюджеттен жобаға қаржы бөлінбегенімен, кері қайтарылған несиелер есебінен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 3,5 миллиард теңгеге 510 өтінім қаржыландырылуда.

2025 жылға 5 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаржы 2000-ға жуық жаңа жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Жобаның толық іске асуы нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа кәсіпкер тіркеледі, 300 мыңнан астам мал басы сатып алынып, 231 мың тонна ет пен сүт өндіріліп, 112 мың тонна көкөніс өсіріледі деп күтілуде. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, кооперативтерді нығайту және ауыл экономикасын жандандыру арқылы бұл бағдарлама нағыз халықтық жобаға айналып отыр.