«ALLAN» – «Ауыл аманаты» жобасының жемісі

0 173

Ауылдың әлеуетін арттыру – ел дамуының берік іргетасы.

Осы жолда нақты нәтижелер көрсетіп жүрген жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл бастама ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға үлкен мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашуда. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ел игілігіне еңбек етіп отырған жанның бірі – Гүлнұр Мәлікқызы. Ол жеңілдетілген несие алып, Абай ауылында «ALLAN» макарон өнімдерін шығаратын цех ашып, шағын өндірісті жолға қойып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бүгінде цехта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өнімдері Құлан ауылдағы «Алтын сарай», «Аяжан» сынды бірнеше дүкенге жеткізілуде. Табиғи әрі сапалы макаронға деген сұраныс артқандықтан кәсіпкерге басқа облыстардан да тапсырыстар түсуде. Гүлнұр Мәлікқызы алдағы уақытта цех жұмысын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Ол жұмысқа орналасуға ниетті азаматтарды да өз өндірісіне шақырады. Бұл – ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған нақты қадам. «Ауыл аманаты» – бұл жай ғана несие емес, ауыл тұрғындары үшін жаңа өмірге жол ашатын нақты қадам.

– Бұл цехты 2024 жылдың қыркүйек айында іске қостым. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ұсыныс тастаған болатынмын. Жобамызды апарған кезде жергілікті әкімшілік бізді бірден қолдап, қол ұшын созды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 17 миллион теңге алып, ол қаржыға жаңа стандартқа сәйкестендіріп жабдықтар алдым. Қазір бір ауысымда жұмыс жасаймыз. Күніне 500 келі сатуға дайын өнім шығарамыз. Қазіргі кезде макаронның 5 түрі бар. Италиядан алған матрицамыз 10 түр шығарады. Бірақ біз әзірге 5 түр шығарып жатырмыз. Біздің басты аппаратымыз италияндық макаронды престеп шығаратын аппарат. Біз италиялық технологиямен жасаймыз. Жасап жатқан макаронымыз жай ғана макарон емес, бұл диеталық макарон. Себебі белок көп. Біз жүгері және қатты бидай ұнын солтүстік өңірден алып, жасап жатырмыз. Бұл өте пайдалы. Жамбыл облысында ешкім жасамайды. Макарон аппараттан алынып, 8 сағаттық кептіруге салы­нады. Макарондарды қаптап, дүкен­дерге жібереміз. Болашақта осы жерді кеңейтіп, 2 ауысымда жұмыс істеу ойымызда бар. Қазіргі таңда Алматы, Тараз қалаларына жіберіп жатырмыз, – дейді Гүлнұр Мәлікқызы.