Ауылшаруашылығы жүзеге асу барысы мен алдағы міндеттер талқыланды

0 10

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы мен тиімділігіне арналған бірлескен кеңес отырысы өтті. Жиынға партияның облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» және «Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық кеңестердің мүшелері қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Отырыс барысында жобаның өңірлік деңгейде қалай жүзеге асып жатқанына баға беріліп, кездесіп отырған мәселелер мен оны шешу жолдары талқыланды. Кеңес мүшелері бұған дейін жобаның Меркі ауданында іске асырылу барысын арнайы зерделеген болатын. Сол жұмыс нәтижесі бойынша баяндама жасаған кеңес мүшесі Керімқұл Бегалиев жоба шеңберінде белгілі бір жетістіктермен қатар шешімін күткен түйткілдер де бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ең өзекті мәселелердің бірі – жобалар аясында құрылған кооперативтердің субсидияларды уақытылы ала алмауы. Бұл өз кезегінде кооператив мүшелеріне кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес.

Жиында сөз алған Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев жобаның нақты деректерін келтіріп, 2024 жылдың қыркүйек айынан бергі кезеңде 6,6 миллиард теңге сомасына 724 жоба қабылданып, оның 3,2 миллиард теңгесіне тең 422 жоба қаржыландырылғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш жобаның ауылдық тұрғындар тарапынан кең қолдау тапқанын және үлкен сұранысқа ие болғанын көрсетеді.

Ал жобаның сенімді агенті ретінде жұмыс істеп отырған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры Еркін Жылысбек қатысушыларға «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі бағыттары мен бүгінгі таңдағы нәтижелері туралы толыққанды ақпарат беріп, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев жоба көрсеткіштерінің облыс экономикасына ықпалын саралап, аграрлық сектордың серпінді дамуына бағдарлама оң әсер етіп жатқанын атап өтті.

Кеңес барысында жобаның ауыл тұрғындары үшін маңызы, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпалы және ауылдық кәсіпкерлікке серпін беруі секілді оң тұстарымен бірге, бағдарламаны жетілдіру қажеттілігі де жан-жақты сөз болды. Қатысушылардың ұсыныс-пікірлері негізінде жобаның тиімділігін арттыру бағытындағы нақты ұсыныстар қалыптастырылды.

Жиын соңында бірлескен кеңес отырысы өз жұмысын қорытындылап, «Ауыл аманаты» жобасының алдағы кезеңіне қатысты міндеттер мен басым бағыттар белгіленді. Бұл – ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын білдіреді.