Жамбыл облысында 3 айда пайдаланылмай жатқан 11,7 мың гектар ауылшаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында заңсыз берілген және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне оңтайландырылған тәртіппен қайтаруды қатаң тапсырған болатын. Президент атап өткендей, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуі – елдің азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, ауылды дамытудың негізі.
– Жер – еліміздің басты байлығы. Бірақ, көптеген меншік иелері өздері иелік ететін алқаптардан мыңдаған шақырым жерде тұрып, ауыл халқының жағдайына мүлдем мән бермейді. Бізге мұндай жер иелері қажет емес. Халықтың игілігіне жұмыс істейтін әділетті жүйе қажет, – деген болатын Мемлекет басшысы, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Осы бағытта Жамбыл облысында да нақты жұмыстар қолға алынған. Биылғы жылдың алғашқы үш айында өңірде 11,7 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде заңсыз берілген және ұзақ уақыт бойы пайдаланылмаған алқаптар да бар.
Мемлекетке қайтарылған жайылымдық жерлер бірінші кезекте ауыл тұрғындарының қажетіне қарай бөлініп, жергілікті округтерге мал жаю үшін заң аясында бекітілуде. Қалған бөлігі ашық конкурс арқылы айналымға енгізіледі.
2025 жылдың алғашқы тоқсанында ұйымдастырылған бес конкурс нәтижесінде 12 мың гектар ауылшаруашылығы жері қайтадан қолданысқа берілді. Бұл – ауылшаруашылығына тың серпін беретін нақты қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен Талас және Сарысу аудандарында 2025-2027 жылдар аралығында 5 мың гектар жайылымды жақсартуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге аспақ. Бұл бастама шалғайдағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, мал шаруашылығының дамуына серпін бермек.
Елді мекендердің шекарасына қосылған босалқы жерлердің көлемі де айтарлықтай артқан. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 741 мың гектарға жетіп отыр. Жақын болашақта тағы 20 мың гектар қосу жоспарланып отыр.
Бүгінде облыстағы 41 елді мекеннің 17-сінде жайылым тапшылығы мәселесі толық шешілді. Тағы 9 елді мекенде бұл мәселе жыл соңына дейін оң шешімін табады деп күтілуде. Алайда, халық тығыз орналасқан және қала маңындағы 15 елді мекенде жайылым тапшылығын толық жою әзірге мүмкін емес. Бұл ретте «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын сақтай отырып, барлық аудандарда жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарлары бес жылға қайта бекітілуде. Қазіргі таңда Талас, Жамбыл, Меркі және Сарысу аудандарында мұндай жоспарлар қабылданып үлгерді.
Атқарылып жатқан бұл жүйелі жұмыстар – жердің халық игілігіне жұмыс істеуін қамтамасыз етудегі маңызды қадам.