Қызғалдақ фестивалі – рухани үндестік пен табиғатқа тағзым мерекесі

0 47

Жамбыл өңірінде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалі ерекше әсерге толы гала-концертпен өз мәресіне жетті. Қаратаудың етегіндегі бұл ауқымды іс-шара табиғат пен өнердің, салт-дәстүр мен заманауи мәдениеттің ұштасқан алаңына айналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Салтанатты рәсімде сөз алған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев фестивальдің тек табиғи байлықты дәріптеу емес, сонымен қатар өңірдің рухани мұрасын әлемге паш ету мақсатын көздегенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама табиғатты сақтау мәдениетін қалыптастырып, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа арналарын ашады.

Гала-кеш барысында фестиваль аясында ұйымдастырылған байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары марапатталды. «Қымызмұрындық» рәсіміндегі үздік сауыншылар, ұлттық спорт түрлерінен оза шыққан азаматтар – «Аударыспақ», «Қазақ күресі», «Садақ ату», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Арқан тарту», «Тазы жарысы» сынды бәсекелердің үздіктері арнайы сыйлықтарға ие болды.

Кештің басты жаңалығы – көлемі 200 шаршы метрге жететін, қызғалдақ өрнегімен көмкерілген киіз бұйымының көпшілікке таныстырылуы болды. Бұл ұлттық өнер туындысы Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына еніп, фестивальдің символына айналды. Сертификатты рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков салтанатты түрде табыс етті.

Сонымен қатар, фестиваль аясында өткізілген қолөнершілер көрмесі мен сән көрсетілімі жұртшылықтың ерекше ықыласына ие болды. Қазақы ою-өрнек пен қызғалдақ символикасы негізінде жасалған заманауи киімдер мен сәндік үлгілер аймақ мәдениетінің уақытпен үндесе дамып келе жатқанын көрсетті.

Нидерланд Корольдігінің ауылшаруашылығы кеңесшісі Ари Велдхаузен фестивальге қатысты пікірін былай білдірді:

– Жамбылдың қызғалдақтары – Нидерланды мен Қазақстан арасындағы мәдени көпір. Табиғат пен тарихқа деген құрмет – бізді байланыстыратын басты құндылық. Мұндай шаралар елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі шеңберінде ғылыми қауымдастықтар мен халықаралық сарапшылар Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізуді және Кіші Қаратауда геопарк құру идеясын қолдады. Бұл ұсыныс биологиялық әртүрлілікті қорғау мен экотуризмді дамыту бағытында маңызды қадам болмақ.

Қорытындысында, фестиваль – тек көктем мен қызғалдақтың ғана емес, халқымыздың табиғатқа деген құрметі мен мәдениетіне деген мақтанышының салтанатты көрінісіне айналды. Қаратаудың баурайында бүр жарған қызғалдақтармен бірге ұлттық рух та гүлденді.