Қызғалдақтың алтын бесігі — Жамбыл

0 209

Жамбыл облысында табиғаттың төл байлығы — қызғалдақ гүлінің мәртебесін асқақтатқан «Қызғалдақ мұра» атты халықаралық фестиваль өтті. Бұл жолы тек мәдени іс-шаралармен ғана шектелмей, әлемнің жетекші ғалымдарын біріктірген ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Фестиваль аясында өткен ғылыми конференцияда ғалымдар Қазақстандағы қызғалдақтардың бай табиғи қорын, биологиялық маңызын және оларды сақтаудың өзекті мәселелерін талқылады. Баяндамашылардың ішінде еліміздегі ботаника ғылымының көрнекті өкілдері болды.

Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы Гүлнар Ситпаева Қазақстандағы қызғалдақтардың көпшілікке беймәлім қырларына тоқталды. Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан, соның ішінде Жамбыл облысы — қызғалдақтардың әр алуандығы бойынша әлемдік орталықтардың бірі.

– Қазақстанда қызғалдақтың 41 түрі өседі. Оның 17-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Ал Жамбыл облысында қызғалдақтың 18 түрі тіркелген, олардың 10-ы ерекше қорғалатын өсімдіктер қатарына жатады. Бұл – біз үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды биологиялық мұра, – деді ғалым.

Ол сондай-ақ сәндік тұрғыдан аса бағалы Кауфман мен Грейг қызғалдақтарының тарихи маңызын ерекше атап өтті. Бұл түрлердің негізінде голландиялық селекционерлер қазіргі таңда әлемдік бақтарда көздің жауын алатын қызғалдақ сұрыптарын жасап шығарған.

Конференция барысында жаратылыстану ғылымдарының магистрі Аягөз Төленова, биология ғылымдарының кандидаттары Сәуле Мұхтубаева мен Айжан Жаманқара, сондай-ақ институт қызметкері Александр Дубынин ғылыми баяндама жасады. Олар Қазақстан флорасының құндылықтары мен экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы қызғалдақтардың рөлін атап өтті.

Натуралист және орнитолог Мәлік Нүкісбеков сирек кездесетін эндемикалық қызғалдақ түрлерінің жойылып кету қаупіне назар аударды. Табиғи ландшафттардың бұзылуы мен климаттық өзгерістер бұл нәзік өсімдіктерге тікелей әсер етіп отыр.

Конференция соңында қабылданған қарарда маңызды ұсыныстар айтылды. Қатысушылар Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу туралы бастаманы қолдап, Кіші Қаратау өңірінде Қазақстан қызғалдақтарының генетикалық қорын сақтау мақсатында геопарк құру идеясын ортаға салды.

Ғалымдардың бұл бастамасы — тек бір өңірдің ғана емес, күллі әлемнің табиғи мұрасын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Қызғалдақтың отаны саналатын Жамбыл жері осылайша ғылым мен табиғаттың, мәдениет пен болашақтың тоғысқан мекеніне айналып келеді.