Еңбек құқығын қорғауда – кәсіподақтың орны бөлек
Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтары мен мүддесін қорғауда, оның әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызды қоғамдық институт ретінде қоғам өмірінде айрықша орын алады. Қазіргі таңда бұл құрылымдардың рөлі артып, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы көпір іспеттес міндет атқарып келеді. Осы орайда Жамбыл облысындағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысы республика көлемінде озық тәжірибе ретінде танылып отыр.
Оған жуырда Тараз қаласында өткен республикалық «Кәсіподақ десанты» жобасы аясындағы кездесу айқын дәлел. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов пен Федерацияның құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов бастаған делегация Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі білім саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұйымның құрылған күнінен бастап бүгінге дейінгі атқарылған негізгі бағыттар бойынша кеңінен мәлімет беріп, кәсіподақтың өңірдегі білім беру саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы белсенді жұмысын баяндады. Соның нәтижесінде жамбылдық кәсіподақтар қатарынан екінші жыл қатарынан «Үздік кәсіподақ ұйымы» атанып отыр.
Федерация өкілдері ұйым қызметіне жоғары баға беріп, бұл тәжірибенің басқа өңірлер үшін үлгі болуға лайық екенін атап өтті. Кәсіподақтар үйінде өткен кеңейтілген жиынға салааралық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенділері қатысты. Жамбыл облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов басқосуды ашып, кәсіподақ қозғалысының ел өміріндегі маңызына тоқталды.
– Биыл Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл, ал Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы. Осы айтулы дата қарсаңында өңірлерде кездесулер өткізіп, пікір алмасу – біздің басты мақсатымыз. Бұл – кәсіподақ мүшелерінің көкейіндегі сұрақтарды ашық айтуына және нақты жауап алуына мүмкіндік, – деді ол.
Кездесу барысында Қайрат Айбосынов кәсіподақтардың еліміздегі әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеудегі орны жайлы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы республика көлемінде кәсіподақтар тарапынан 119 отырыс ұйымдастырылып, 338 мәселе қаралған. Соның 107-сі кәсіподақ ұйымдарының тікелей қатысуымен шешімін тапқан.
Федерацияның құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов өз бағыты бойынша атқарылған істерді тілге тиек етіп, халықаралық әріптестік пен еңбек заңнамасына қатысты тың ақпараттармен бөлісті. Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты әрі заң аясында жауаптар берілді.
Кездесу соңында кәсіподақ қозғалысын дамытуға белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – тек марапат емес, еңбек адамының жанашырларына деген шынайы құрметтің көрінісі. Мұндай ашық форматтағы кездесулер кәсіподақ қызметінің ашықтығын, халықпен байланысының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, бұл – еңбек адамын қорғауға бағытталған нақты қадам.